Қоғамдық даудан кейін стоматологияларға қатысты қатаң шаралар енгізілуі мүмкін

Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, зейнетақы жинақтарын заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыруға байланысты жанжалдан соң еліміздегі барлық стоматологиялық клиникалар қатаң бақылауға алынады, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Мәжіліс кулуарында вице-министр министрліктің зейнетақы жинақтарын тіс емдеуге пайдалануға тыйым салғанын еске салды.
"Шамамен 247 млрд теңге түсініксіз компаниялар арқылы шығарылғанын ескерсек, бұл – дұрыс шешім деп есептеймін. Қазір барлық қатысушыларға қатысты тергеу жүріп жатыр, оның қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданады. Бүгінде бұйрықтың жобасы «Ашық НҚА»-ға орналастырылды, зейнетақы жинақтарын тіс емдеуге пайдалану қызметі жабылады", – деді Оспанов.
Сонымен қатар анықталған жүздеген миллиард теңгелік заңбұзушылықтар лицензиялау жүйесін қайта қарауға және елдегі барлық стоматологиялық клиникаларға постлицензиялық бақылауды енгізуге әкелмек.
"Қазір лицензиялар іс жүзінде өмір бойына беріледі, оларды тек сот арқылы ғана қайтарып алуға болады. Біз постлицензиялық бақылау мәселесін көтеріп отырмыз. Егер талаптарға сәйкессіздік анықталса, жаңа немесе жұмыс істеп тұрған кез келген клиникаға қатысты шаралар қабылданады", – деп атап өтті вице-министр.
Фото: pixabay