Әлемдегі ең бай адам анықталды: Ол – Илон Маск емес

Бағдарламалық қамту әзірлеушісі Oracle компаниясының теңқұрушысы Ларри Эллисон Bloomberg миллиардерлер рейтингінде бірінші орынға шығып, Tesla және SpaceX негізін қалаушы Илон Маскты басып озды, деп хабарлайды Malim.kz РБК-ға сілтеме жасап.
Эллисонның байлығы 393 млрд доллар болса, Масктің капиталы 385 млрд доллар.
«Эллисон мұндай жоғары сатыға бір күн ішінде капиталының 101 млрд долларға өсуі арқасында көтерілді. Бұл Bloomberg рейтингін жүргізу тарихындағы бір тәулікте ең үлкен өсім», – делінген материалда.
Bloomberg агенттігінің тізімінде Маск шамамен 1 жыл бойы көш бастап келген. Ол алғаш рет бұл позицияға 2021 жылы шыққанымен, кейін Amazon негізін қалаушы Джефф Безос пен LVMH иесі Бернар Арноға жол берген.
Қазір олар сәйкесінше төртінші және сегізінші орында. Ал шілдеден бері Эллисон Meta басшысы Марк Цукербергті басып озып, екінші орында тұрған еді.
Forbes басылымы да Эллисон байлығының өсуін атап өтті. Журнал оның капиталын 395 млрд доллар деп бағалап отыр, бірақ онда әлі де Маск көш бастап тұр. Оның байлығы 437 млрд доллар деп көрсетілген.
Эллисон байлығының артуына Oracle акцияларының күрт қымбаттауы себеп болды. Бұл компанияның 2026 қаржы жылының алғашқы тоқсанына арналған есебі жарияланғаннан кейін орын алды. Акциялар биылғы жылы 45%-ға өсіп, 9 қыркүйекте тарихи максимумға жетті, ал сәрсенбіде тағы 41%-ға қымбаттады.
Bloomberg түсіндіргендей, жасанды интеллект дамуына байланысты бұлттық инфрақұрылымға салынған инвестициялар Oracle компаниясын жаңа деңгейге шығарды.
Соңғы есеп бойынша, компанияның бұлттық технологиялардан түскен табысы 28%-ға өсіп, 7,2 млрд долларға жетті, ал бұлттық инфрақұрылымнан түсетін кіріс 55%-ға артып, 3,3 млрд долларға жетті. Oracle-дың тапсырыс портфелі 359%-ға ұлғайып, 455 млрд долларға жетті. Оның ішінде ChatGPT жасаушысы OpenAI-мен 4,5 ГВт қуатқа ие деректер орталықтарын құру бойынша ірі келісім бар.
Компания АҚШ президенті Дональд Трамп биыл қаңтарда жариялаған Stargate атты жасанды интеллект инфрақұрылымын құру жобасына да қатысуда. Эллисон республикашыларды қолдайды.
Айта кетейік, Ларри Эллисон – 81 жаста. Ол Oracle-ды 1977 жылы Боб Майнер және Эд Оутспен бірге құрған. Компанияны 37 жыл басқарғаннан кейін, 2014 жылғы қыркүйекте бас директор қызметінен кетіп, директорлар кеңесінің төрағасы әрі техникалық директор болып қалды. Ол Oracle акцияларының 40 пайыздан астамына иелік етеді.
Сондай-ақ, Paramount Skydance компаниясының шамамен 50 пайызына иелік етеді (оның бас директоры – ұлы Дэвид). 2018–2022 жылдары Tesla директорлар кеңесінің мүшесі болған, қазіргі уақытта да компанияның акцияларына иелік етеді.
Фото: oracle.com