Қазақстанда несие беру талаптары қатаңдатылды

Қазақстанда тұтынушылық несиелерді рәсімдеу ережелері күшейтілді. Енді банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушылардың тек несиелік тарихын ғана емес, сонымен қатар олардың қаржылық тәртібін де бағалайды, деп хабарлайды Malim.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымоваға сілтеме жасап.
Әбілқасымованың айтуынша, қарыз алушыларға мінез-құлықтық бақылау енгізілген. Яғни қаржы ұйымдары клиенттердің қаржылық тәртібін назарға алуы тиіс.
«Біз ұйымдарға қарыз алушыларды, әсіресе тәуекелі жоғары қарыз алушыларды бағалауды талап етеміз. Тек қана қарыз жүктемесінің коэффициентіне (ҚЖК) сүйенбеуі керек. Бұрын тек қана табыстың 50 пайызы деңгейіндегі ҚЖК-ге қарадық. Соның нәтижесінде кейбір қарыз алушылар несиенің мерзімін ұзартып, талапқа сәйкес келуге тырысатын», – деді ол Мәжілісте.
Сонымен қатар, банктерде 30 күннен астам немесе микроқаржы ұйымдарында 1 күн кешіктірілген қарызы бар азаматтарға жаңа несие берілмейді. Бұл талаптар тамыз айынан бастап күшіне енген.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басшысының сөзінше, кепілсіз несиелерді 5 жылдан астам мерзімге рәсімдеуге тыйым салынған, ал 3–5 жыл аралығындағы қарыздар жоғары тәуекелді деп саналады. Дегенмен, қаржылық жағдайын түзеп, тұрақты табысы бар азаматтарға шектеулер алынып тасталуы мүмкін.
«Бұл – мінез-құлықтық қадағалау. Банктерге қойылатын талаптардың бірі – теріс несие тарихынан кейін ипотекалық несиеге қол жеткізу мәселесін қарастыру. Қаржылық жағдайын жақсартқан азаматтарға шектеулердің қолданылмауы үшін осындай жағдайларды жеке қарастыруымыз мүмкін», – деді Әбілқасымова.
Фото: pixabay