Қазақстаннан ет шығаруға тыйым салынбақ

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі елдегі сиыр еті бағасын тұрақтандыру мақсатында ірі қара мал етін (сиыр етін) республикадан шығаруға шектеу қоюды ұсынды. Тиісті бұйрық жобасы 17 қазанда “Ашық НҚА” порталында жарияланды, деп хабарлайды Malim.kz.
Құжатқа сәйкес, 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болатын бұл шектеу жаңа, салқындатылған және мұздатылған етті үшінші елдерге де, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне де экспорттауға таралады.
Ведомство бұл шара “елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мал шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға және сиыр еті бағасын тұрақтандыруға” бағытталғанын түсіндірді.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта құжат 22 қазанға дейін “қоғамдық талқылауда” екені атап өтілген.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі республика аумағына жаңа тауық жұмыртқасын әкелуге бір айлық тыйым енгізу туралы бұйрық жобасын әзірлеген болатын. Бұл шара жергілікті өндірушілерді қорғауға бағытталған.
16 қазанда Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев билік елдің барлық өңіріне арзандатылған сиыр етін тікелей жеткізуді ұйымдастыратынын мәлімдеді.
Фото: istockphoto.com