Атырауда жүкті әйелді қатыгездікпен өлтірген ер адам сотталды

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты NCOC компаниясының 46 жастағы менеджері Бибігүл Шпанованы өлтіргені үшін Арман Жетпісовті өмір бойына бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Malim.kz «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Сот үкімінде Жетпісов ерекше режимдегі мекемеде жазасын өтеуге жіберілгені айтылды.
Тергеу деректеріне сәйкес, бұрын сотталған әрі тұрақты жұмысы болмаған Жетпісов біраз уақыт өзін жөндеуші шебер ретінде көрсетіп, Шпанова тұрған «Француз ықшамауданында» ұсақ жұмыстар атқарған. Жәбірленуші орындалмаған жөндеу жұмыстары үшін ақшасын қайтаруды талап еткенде, ол әйелдің үйіне барып, бірнеше рет пышақтап, зорлық-зомбылық көрсетіп, мүлкін, телефонын, кілттері мен автокөлігін ұрлап кеткен. Кейін жол апатына түсіп, Маңғыстау облысында қолға түскен. Оның жанынан Шпановаға тиесілі заттар табылды.
Сот шешімінде айыпталушының әрекеттері алаяқтық, зорлау, ұрлық, автокөлікті айдап кету және осал жағдайдағы әйелге ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру ретінде сараланғаны көрсетілген.
Судья Зарема Хамидуллинаның айтуынша, айыпталушы марқұмның туыстарынан кешірім сұрағанымен, жасаған қылмысына шынайы өкініш білдірмеген.
Фото: «Ақ Жайық»