Жамбыл облысында жыл басынан бері екі оқушы көз жұмды

Жамбыл облысында соңғы күндері оқушылар арасындағы қайғылы жағдайлар қайтадан тіркелді. 1 қыркүйектен бері өңірде екі жасөспірім көз жұмды: Шуда – футболдан кейінгі төбелес салдарынан, ал тағы бір колледж студентін қатарластары пышақтап өлтірген, деп хабарлайды Malim.kz журналист Асқар Бековке сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, бұл мәселеде басты себеп – отбасындағы және мектептегі тәрбие олқылықтары. Көп жағдайда ата-аналар өз баласын қылмыс жасаған күннің өзінде қорғауға тырысады. Осылайша, жасөспірім жазасыздықты сезініп өседі.
Ал білім беру мекемелерінде жоғары сынып оқушылары арасында әлі де «бардак» сақталған: ақша жинау, әлсіздерді қорқыту, буллинг. Мұндай жағдайлардың бар екенін қоғам біледі, бірақ жылдар бойы түбегейлі шешім табылмай келеді. Білім ордалары да өздеріне жауапкершілікті алудан қашқақтайды. Жағдай орын ала салысымен, мектеп директорлары «оқиға мектеп аумағында болмаған» деп мәлімдеме таратуға асығады, - деп жазды журналист.
Қоғам белсенділері мен сарапшылар әкімдік пен құқық қорғау органдарын бұл проблеманы жай ғана «қылмыскерді ұстаумен» шектемей, жүйелі түрде шешуге шақырып отыр.
Осы тұста Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың жиіленіп кетуіне байланысты шұғыл кеңес өткізді.
Жаңа оқу жылы басталғалы бері өңірде кәмелетке толмағандар арасында аса ауыр қылмыстардың жиілеп кетуі – жағдайдың ушығып бара жатқанын көрсетеді. Бұл мәселеге шұғыл әрі нақты шаралар қажет. Бала – біздің болашағымыз! Ертеңіміздің жарқын болуы үшін біз олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне, алаңсыз білім алуына барынша жағдай жасауға тиіспіз. Сіздерді тыңдасақ, барлық жұмыстар жүріп жатыр, ауқымды шаралар атқарылып жатыр дейсіздер. Бірақ, нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Соңғы екі аптада үш қайғылы жағдай орын алды. Демек, сіздердің жұмыс тәсілдеріңіз тиімсіз. Оқушылардың тәрбиесі жөнінде мектеп, ата-ана, қоғам үштігінің өзара бірлескен жұмыстарын басынан қарау керек! Қазіргі балалардың күн сайын ой-өрісі өзгеріске ұшырап, көзқарасы басқаша қалыптасуда. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыс тәсіліміз де жаңаша сипатта қарқын алу керек деп ойлаймын! – дей келе облыс әкімі нәтижесіз жұмыстарды сынға алды.
Өңір басшысы бұған дейін аталған мәселе бойынша нақты тапсырмалар бергенін, алайда жауапты тұлғалардың қабылдаған шараларынан нақты нәтиже көрмей отырғанын қатаң түрде ескертті.
Фото: pixabay