Оқушы қыздарды енді акушер-гинекологтар тексеруі мүмкін
Елде ерте жүкті болып қалу мәселесін шешу үшін оқу-ағарту министрлігі денсаулық сақтау министрлігімен бірге мектептерге акушер-гинеколог мамандарын қайтаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы бүгін Мәжіліс кулуарында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлім етті.
«Ерте жүктілік мәселесі бүгінгі таңда өзекті проблемалардың бірі. Осыған байланысты жалпы мемлекет тарапынан болатын жүйелі шешімге келетін болсақ – қазір мектептерде акушер-гинеколог деген нақты маман жоқ қой. Соны қайтару мәселесі бойынша денсаулық сақтау министрлігімен жүйелі жұмыс бастадық», - деп мәлім етті Сүлейменова.
Айта кетейік, күні кеше Түркістан облысы Келес ауданында 71 жастағы зейнеткер көршінің 15 жастағы қызын зорлап, жүкті қылғаны анықталған еді. Қыз бала Астанада босанған.
Фото: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев