Қызылордада жүкті әйелдерге заңсыз төлем алып бергендер сотталды

Қызылорда облысында жүктілік пен бала күтіміне байланысты заңсыз әлеуметтік төлемдер алып берумен айналысқан тұлғалардың қылмысы әшкереленді. Істі экономикалық тергеп-тексеру департаменті анықтаған. Бұл туралы өңірлік департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Қызылорда қаласының тұрғындары Жанерке Әбдімәлікова және Жұлдызай Бакирова жүктілікке және босануға, сондай-ақ бір жарым жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты табысынан уақытша айырылған әйелдерге арналған әлеуметтік төлемдерді еселеп алу үшін заңсыз схема ұйымдастырған.
Олар жүкті әйелдерді белгілі бір жеке кәсіпкердің жалдамалы қызметкері ретінде көрсетіп, олардың атына міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар аударған. Кейін жүктілікке және босануға байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдеп берген. Нәтижесінде Ж.Әбдімәлікова 34 әйелге, Ж.Бакирова 20 әйелге заңсыз құжат рәсімдеген. Тергеу барысында аталған азаматшалардың шын мәнінде жеке кәсіпкерлердің қарамағында жұмыс істемегені анықталды. Кәсіпкерлердің өздері жалдамалы қызметкерлер тізімінде бұл азаматшалар барын білмеген. Сонымен бірге кәсіпкерлер электрондық цифрлық қолтаңбаларын (ЭЦҚ) тек салықтық есептілікті тапсыру үшін бергенін мәлімдеген, - делінген хабарламада.
Сот үкімімен Ж.Әбдімәлікова 3 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал Ж.Бакирова 2 жыл 4 ай мерзімге шартты түрде сотталды.
Бұған дейін біз жалған шот жасап, 680 млн теңге салықтан жалтарғандардың сотталғанын жазғанбыз.
Фото: freepik.com