Orda.kz негізін қалаушы Бажкенованың әрекеттеріне байланысты Бас прокуратураға жүгінді

Orda.kz басылымының 70% үлесіне ие негізін қалаушысы Мәксәт Ғаниев бас редактор Гүлнар Бажкенованың әрекеттеріне байланысты Бас прокуратура мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне жүгінді, деп хабарлайды Malim.kz.
«Orda.kz бас редакторы Бажкенова Гүлнардың әрекеттеріне байланысты мен мынадай мәлімдеме жасағым келеді. Оның басшылығымен редакция жүйелі түрде жалған ақпарат таратып отыр. Бұл мені басылым иесі ретінде ғана емес, редакция қызметкерлерін де қылмыстық жауапкершілікке тарту қаупін туғызуда. Осыған байланысты мен ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңының 43-бабына сәйкес ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Бас прокуратураға және өзге де уәкілетті органдарға ресми түрде жүгініп, Orda.kz ақпарат құралының және оның барлық әлеуметтік желідегі аккаунттарының қызметін тәуелсіз аудит жүргізілгенге дейін, бас редактордың әрекеттерінің заңдылығы тексерілгенге дейін және «Ordamedia.kz» ЖШС-індегі заңды басқару сот және құқықтық тетіктер арқылы қалпына келтірілгенге дейін уақытша тоқтатуға шара қабылдауды талап етемін», – деді Ғаниев жексенбі күнгі видеоүндеуінде.
Ол өз тарапынан құзырлы органдарға барлық қажетті деректерді беруге дайын екенін айтты.
«Менде Бажкенова Гүлнардан ақша алғаны туралы қолхаттар мен құжаттардың бәрі бар. Көріп тұрғаныңыздай, қолхаттар көп, олар әртүрлі жылдарда, күндерде және түрлі сомаларға жазылған. Өкінішке қарай, бүгінге дейін мен одан қаржылық есеп те, еңбекақы мен редакцияның басқа да шығындары бойынша ақпарат та алған жоқпын», – деді кәсіпкер.
«Орда» басылымының негізін қалаушысының айтуынша, оның ұстанымы – Orda.kz редакциясының ешбір қызметкері бас редактордың әрекеті үшін негізсіз жауапкершілікке тартылмауы тиіс.
Ол сондай-ақ «аталған рәсімдер аяқталған соң порталдың қызметі заңға сәйкес қалпына келтірілетінін» айтты.
«Әріптестеріме, Ordamedia редакциясына арнайы үндеу жасағым келеді. Бұл жағдай сіздерді тығырыққа тірегенін түсінемін, өйткені сіздер «Ордаға» бар күш-жігерлеріңізді арнадыңыздар, дәл сіздердің еңбектеріңіздің арқасында ол танымал медиаға айналды. Сондықтан мен иесі ретінде толық жауапкершілікті өз мойныма аламын және редакция қызметі қалпына келгенге дейін туындауы мүмкін барлық шығындарды көтеруге дайынмын. Сол себепті сіздерден сабыр сақтап, редакцияны бақылауды қалпына келтіру үдерісіне қолдау көрсетуді сұраймын. Сіздердің қолдауларыңыз бен қатысуларыңызға байланысты көп нәрсе шешіледі – біз «Орданы» кәсіби журналистика жолына қаншалықты тез қайтара аламыз және жұмысты жандандыра аламыз. Бүгінде «Орда» сіздерге бұрынғыдан да қатты мұқтаж, ал мен өз тарапымнан бұл дағдарысты барлығымыз бірге тезірек еңсеру үшін бар күшімді саламын», – деп қорытындылады Ғаниев.
Еске сала кетейік, 4 қыркүйекте Orda.kz сайты және Гүлнәр Бажкенова Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) жоғары лауазымды қызметкерлері, сондай-ақ вице-премьер – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Ғаджи Ғаджиев ұсталды деп ақпарат таратты. Алайда бұл ақпаратты құзырлы органдар жоққа шығарып, прокуратура ескерту жасады.
Одан сәл кейін бұл жағдайға байланысты мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева БАҚ-қа үн қатты. Кейіннен Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің жанындағы дезинформацияға қарсы орталық Нұртілеу мен Ғаджиевтің ұсталғаны туралы мәліметті ресми түрде жоққа шығарды.
Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі мен кейінірек ҰҚК де ресми түрде бұл деректі теріске шығарды.
5 қыркүйекте Сыртқы істер министрлігі Нұртілеудің дәл сол күні түсірілген суреттерін жариялап, оның ұсталғаны туралы қауесетті жоққа шығарды.
Фото: видеодан скрин

Ең көп оқылған
