Алматыда «Ата Заңым – айбарым!» онлайн-челленджі өтті

Белгілі қоғам қайраткерлері, комьюнити-орталықтардың резиденттері мен жастар көшбасшылары Конституцияның 30-жылдығына арналған челленджге қатысты, деп хабарлайды Malim.kz.
«Ата Заңым – айбарым!» онлайн-челленджіқоғам мен жастарды елдің басты заңы төңірегіне біріктірді
Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына орай әлеуметтік желілерде «Ата Заңым – айбарым!» атты кең ауқымды онлайн-челлендж өтті. Игі бастаманы Алматы қаласының қоғам белсенділері, жастар көшбасшылары және комьюнити-орталықтардың резиденттері қолдады.
Челлендж қатысушылары Reels және Stories форматындағы қысқаметражды бейнероликтер түсіріп, үш маңызды сұраққа жауап берді: «Қазақстан Республикасының Конституциясы олар үшін нені білдіреді?», «Неліктен қандай да бір бап олар үшін ерекше маңызды?», «Конституцияны білу, түсіну және құрметтеу неге маңызды?»
Бастама эстафета форматында өтті — қатысушылар оны өз достарына, әріптестеріне және жазылушыларына жолдап, барынша көп адамды Конституцияның рөлі мен маңызын ұғынуға тартты.
Челленджге Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Рустам Қайырыев те қатысып, қызықты деректермен бөлісті:
«1995 жылғы Конституцияны қабылдау талқылауына 3 000 000-нан астам қазақстандық қатысты. Жалпы саны 33 000 ұжымдық талқылау өтіп, 30 000 ұсыныс енгізілді. Конституцияның 10 және 15 жылдығына орай пошта маркалары жарыққа шықты, ал 15 жылдығына арналған марка 30 000 дана таралыммен басып шығарылды. Конституция мәтінінің қазақша нұсқасында сөздер саны орыс тіліндегі нұсқасына қарағанда көп: қазақша нұсқасында — 8 904 сөз, ал орысшасында — 7 168. Қолданыстағы Конституцияны әзірлеу барысында 20 елдің негізгі заңдары зерттелді. Туған күніңмен, менің Конституциям – менің қорғаным.»
Конституцияның мәні туралы Алматы тұрғыны Ақылбек Т. де өз ойымен бөлісті:
«Ата Заң — біздің құқығымыз бен еркіндігімізді қорғайтын басты құжат. Оқу, жұмыс, еркін ой айту — бәрі осы заңмен қорғалады. Ата Заң — әділдік пен теңдіктің негізі. Біз оны білуге, құрметтеуге және қорғауға тиіспіз. Себебі Ата Заң — жай қағаз емес, ол — біздің айбарымыз, болашағымыздың негізі. Ата Заңым – айбарым!»
Рахматуллаева Р., челлендж қатысушысы, Конституция туралы өз пікірін былай жеткізді:
«Мен үшін Конституция – елімнің жүрегі, тәуелсіздігімнің тірегі. Маған ең жақын бап – бірінші бап. Онда Қазақстан өзін зайырлы, құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретінде жариялайды. Бұл дегеніміз – әрбір азаматтың қадір-қасиеті мен еркіндігі басты құндылық екенін білдіреді. Конституцияны білу – өз құқығыңды білу, ал оны құрметтеу – елге деген құрмет.»
Бостандық ауданының резиденті Аукиров Н.де өз ойымен бөлісті:
«Мен үшін Конституция – сенімділік. Ол менің құқығымның қорғаны және әрқайсымыздың дауысымыздың ескерілетініне кепілдік береді. Маған ерекше жақын – 14-бап. Ол барлығының заң алдында тең екенін білдіреді. Яғни, адамның мәртебесіне немесе шыққан тегіне қарамастан, әркімнің мүмкіндігі бірдей болуға тиіс. Конституцияны білу – өз құқығыңды білу. Ата Заңым – айбарым.»
Челленджге жалпы 200-ге жуық бейнежазба жарияланды — қатысушылар өз ойларын, азаматтық ұстанымдарын білдіріп, Ата Заңның бірлік, әділет және құқықтық тәртіп кепілі ретіндегі маңызын атап өтті.
Бейнероликтер Instagram, Facebook және TikTok әлеуметтік желілерінде келесі хэштегтермен жарияланды: #АтаЗаңымАйбарым, #Конституция30жыл, #Jastar2025
Ең үздік бейнероликтер 30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай арнайы видеоколлаж түрінде жарияланады.

Ең көп оқылған
