Алматылық жастар референдум қорытындысын талқылады
Жастар атом энергиясын пайдалану елдің тұрақты дамуына және болашақ ұрпақ үшін сенімді энергия көзін қамтамасыз етуге ықпал ететініне сенім білдірді
Алмалы ауданындағы комьюнити орталығында қаламыздың белсенді жастары АЭС салу бойынша өткен референдумның қорытындысын талқылады.
Өткен референдумға қатысқан жастар саны көп болды, бұл олардың жауапкершілігін және ел болашағына бей-жай қарамайтығын көрсетті. Олар тек дауыс беріп қана қоймай, елдің энергетикалық тәуелсіздігі, жаңа технологиялардың дамуы мен экологиялық таза энергия көздерін пайдалану мәселелеріне де ерекше қызығушылық танытатындарын айтты.
«Күні кеше елімізде үлкен саяси науқан өтті. Аталмыш референдумға барып, дауыс берген Алматы жастарының саны көп болды. Әркім өз еркімен дауыс беруге келіп, азаматтық борышын орындады. Әркім өз таңдауын жасады, себебі бұл еліміздің болашағы», - деді өз сөзінде қала белсендісі Нұрасыл Аманғазы. Комьюнити орталықтағы кездесуде АЭС салудың перспективалары талқыланды. Жастар атом энергиясын пайдалану елдің тұрақты дамуына және болашақ ұрпақ үшін сенімді энергия көзін қамтамасыз етуге ықпал ететініне сенім білдірді. Жастардың референдумға қатысуы олардың азаматтық белсенділігінің жоғары деңгейін және еліміздің болашағына деген зор қызығушылығын айқындайтынын көрсетті. Кездесу соңында қатысушылар осындай талқылауларды жалғастыру және жастардың мемлекеттік деңгейдегі шешімдерге белсенді қатысуының маңызды екенін атап өтті.
Фото: Алматы әкімдігі