Алматы облысында тұрғын жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алып беруге уәде еткен алаяққа сеніп, 6,6 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Жәбірленушінің айтуынша, биыл ақпан айында ол Алматы облысындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметін өтеп жүрген танысымен хат алмасқан. Әлгі азамат өзін Алматыдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында (мамандандырылған ХҚКО) жұмыс істейтінін айтып, жүргізуші куәлігін рәсімдеуге көмектесе алатынын жеткізген.
Осыған сенген жәбірленуші алдымен келісілген соманы аударған. Кейін күдікті түрлі себептерді алға тартып, тағы бірнеше мәрте ақша жіберуді сұраған.
Нәтижесінде жәбірленуші 6,6 миллион теңгеден астам қаражат аударған. Ақшаның бір бөлігі белгісіз адамдардың есепшоттарына жіберілген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция азаматтарды мемлекеттік қызметтерді жеделдетіп немесе заңсыз жолмен рәсімдеп береміз деген ұсыныстарға сенбеуге, сондай-ақ ақпараттың шынайылығына көз жеткізбей, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырды.