Канадада бірнеше аптадан бері жалғасып жатқан ірі орман өрттері елдің батысы мен орталық өңірлерін қамтып, оның салдары АҚШ аумағына дейін жетті, деп хабарлайды Malim.kz.
Қою түтін шекарадан асып, АҚШ-тың кемінде 18 штатында ауа сапасының күрт нашарлауына себеп болды. Детройт, Миннеаполис, Чикаго сияқты қалаларда тұрғындарға сыртта ұзақ жүрмеу, әсіресе балаларға, егде жастағыларға және тыныс алу жүйесі аурулары бар адамдарға сақтық шараларын сақтау жөнінде ескерту жасалды.
Канадалық өрт қызметтерінің мәліметінше, өрттің негізгі себептерінің бірі - аптап ыстық, ұзаққа созылған құрғақшылық және күшті жел. Бұған қоса, кейбір өңірлерде найзағайдан тұтанған табиғи өрт ошақтары тіркелген. Мамандар климаттың өзгеруі салдарынан ормандардың құрғап, өрт маусымының ұзарып бара жатқанын айтады. Соның салдарынан шағын өрттердің өзі қысқа уақытта мыңдаған гектар аумақты шарпитын ірі апатқа айналуда.
Өртті сөндіруге мыңдаған маман мен ондаған тікұшақ және арнайы авиация жұмылдырылғанымен, қолайсыз ауа райы құтқарушылардың жұмысын қиындатып отыр. Кейбір елді мекендердің тұрғындары қауіпсіз аймақтарға көшірілді, ал бірнеше ұлттық парк уақытша жабылды.
Экологтардың пікірінше, мұндай ауқымды өрттер тек орман қорына ғана емес, бүкіл әлемнің климатына әсер етеді.