Екібастұз қаласының 28 жастағы тұрғыны адам өлтіргені және адам өлтіруге оқталғаны үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Әйел шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғаннан кейін араға бірнеше ай салмай қайтадан аса ауыр қылмыс жасаған.
Іс материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға биыл қаңтар айында Энергетиктер көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған. Айыпталушы таныс ерлі-зайыптының үйіне қонаққа келіп, олармен бірге алкоголь ішкен. Сол кезде пәтерге көрші әйел кіріп, екі әйел арасында жанжал туындаған. Отырғандардың араласуымен жанжал уақытша тоқтатылған.
Алайда кейін айыпталушы кек алуды көздеген. Сот мәліметінше, ол подъезде 34 жастағы әйелге шабуыл жасап, соққыға жыққан. Артынша екеуі қайтадан пәтерге кіргенде, әйел пышақ алып, жәбірленушінің жамбас тұсына бірнеше рет соққы жасаған. Зардап шегуші баспалдақ алаңына қашып шығып, сол жерде есінен танып қалған.
Осыдан кейін күдікті қайтадан пәтерге оралып, ұйықтап жатқан 32 жастағы ер адамды пышақтаған. Соттың мәліметінше, ол ер адамның өзінен кек алуы немесе қарсылық көрсетуі мүмкін деп қауіптеніп, оны қасақана өлтіруді мақсат еткен.
Бірақ әйел мұнымен тоқтамаған. Ол баспалдақ алаңына қайта шығып, ауыр жараланған әйелді тағы да ұрып-соғып, бірнеше рет пышақтап, басын еденге ұрған. Соған қарамастан жәбірленуші аман қалған.
Сот айыпталушыны адам өлтіргені және адам өлтіруге оқталғаны үшін кінәлі деп таныды. Қылмыстар жиынтығы бойынша оған 16 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар бұрынғы үкім бойынша өтелмеген 6 айлық жаза негізгі мерзімге қосылды.
Сот барысында әйелдің бұған дейін де осындай қылмыс үшін сотталғаны белгілі болды. Ол 2018 жылы адам өлтіргені үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғанымен, бостандыққа шыққаннан кейін алты айға жетпейтін уақыт ішінде тағы да аса ауыр қылмыс жасап, қайтадан сот алдында жауап берді.