"Барлығын түзейтін уақыт келді". Зеленский Трамппен болған сөз талас туралы пікір білдірді

Украина президенті кездесудің “күтілгендей өтпегенін” мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
“Осындай жағдай болғаны өкінішті. Барлығын түзейтін уақыт келді. Біз болашақтағы ынтымақтастық пен қарым-қатынастың конструктивті болғанын қалаймыз. Пайдалы қазбалар мен қауіпсіздік туралы келісімге келетін болсақ, Украина оған кез келген уақытта және кез келген ыңғайлы форматта қол қоюға дайын. Бұл келісімді біз қауіпсіздікті арттыру мен сенімді кепілдіктерге қадам ретінде қарастырамыз және оның тиімді жұмыс істейтініне шын жүректен үміттенемін”, – деп жазды Зеленский X әлеуметтік желісінде.
Сондай-ақ, Украина көшбасшысы елінің бейбітшілікке бейілділігін растады.
Біздердің ешқайсымыз соғыстың бітпей созыла бергенін қаламаймыз. Украина берік бейбітшілікке жақындай түсу үшін келіссөздер үстеліне отыруға дайын. Украиндардан артық бейбітшілікті қалайтын халық жоқ. Менің командам және мен тұрақты бейбітшілікке жету үшін президент Трамптың мықты басшылығымен жұмыс істеуге дайынбыз, - деді ол.
Оның айтуынша, қақтығысты аяқтаудың алғашқы қадамы – тұтқындарды босату және әуе кеңістігінде уақытша бітімге келу болуы мүмкін. Бұл зымырандарды, алыс қашықтықтағы дрондарды, энергетикалық нысандар мен басқа да азаматтық инфрақұрылымға соққы беретін бомбаларды қолдануға тыйым салуды, сондай-ақ теңіздегі қақтығысты дереу тоқтатуды қамтиды.
Фото: Владимир Зеленскийдің ресми сайты