«Басқаның жұмысын сынау, ол жайлы пікір айту жеңіл»

Түркістан облыстық сотының төрағасы Тұрысбек Мыятбековтен алған едел-жедел алған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

Орал Кайрат

  • 11.02.2023

 Әңгіме бүгінгі сот жүйесіне, судьяға сенім жайына қатысты.

Соттарға қойылатын талап жылдан жылға күшейіп келеді. Өзіңіз жетекшілік ететін сот сол биік үдеден шыға алып отыр ма?

– Жұмыстың нәтижелі болуы ұжым ішіндегі бірлікке, ынтымаққа байланысты. Сонымен қатар, бір салада қызмет етіп жүрген әрбір маман, әрбір судья өз кәсібіне адал болса, бір мақсатқа топтаса білсе бағынбайтын биік, алынбайтын қамал жоқ. Яғни, жақсы жоспар, жағымды нәтиже күту үшін ең алдымен ұжымдағы атмосфераға терең мән берген абзал. Біздің сот ардагерлерімен арадағы байланысты үзбей, мамандар мен судьялардың пікірі-ұсынысына көңіл бөлетініміз, ден қоятынымыз сондықтан. Былтырғы жылы Мемлекет басшысы тапсырып, Жоғарғы Сот тарапынан жүктелген міндеттерді сапалы орындап, қарапайым халықтың жылы лебізіне ие болуымыздың да сыры осында. Шындығында былтырғы жылы ауыз толтырып айтатын істер аз болған жоқ. Түркістан облысының соттары әлеуметтік желіде арнайы парақшаларын тұрақты жүргізіп, азаматтар қойған сауалдарға дер кезінде жауап беріп отыруды бұлжымас дәстүрге айналдырды. Былтыр әкімшілік істерді қарау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп, айтарлықтай тәжірибе жинадық. Сот ісін жүргізудің осы моделі облыс халқы үшін оң нәтижесін берді.

Жалпы, судьяның заңды жетік білмеуі, немесе дұрыс қолдана алмауы қателіктердің орын алуына ықпал ететіні белгілі. Әрине, мұндай қателер жоғары тұрған сот сатысында түзеледі, дегенмен әрбір судьяның қатесі халықтың сенімінің төмендеуіне алып келеді. Сондықтан да жыл бойы заңсыз сот актілерінің алдын алу бағытында тыңғылықты шаралар қабылданды. Бір судьяның қателігін көрсетіп, жария түрде талдау – келесі әріптестердің қателікке жол бермеуіне көмектеседі. Соған орай, заңдарды талдау, бірыңғай тәжірибе қалыптастыру бағытында ұйымдастырылған жиын, дәрістердің әріптестерімізге бергені көп. Оған көрсеткіштерді салыстыру арқылы көз жеткізу қиын емес.

– Жоғарғы Сот тарапынан сот жүктемесін азайту, судьяларды даусыз істерден босату бойынша игі бастамалар қолға алынған еді. Оның нәтижесі қалай?

– Сот жүйесін басы артық жұмыстан арылту бойынша соңғы жылдары жүйелі жұмыстар жүргізілді. Расында, жүктеменің көп болуы судья жұмысының сапасын төмендетеді. Ірі қалаларда, облыс орталықтарында үлкен жүктемемен жұмыс істеу қалыпты жағдайға айналған. Бірақ судья да ет пен сүйектен жаралған. Ол да денсаулығына мән беруі, сүйікті ісімен айналысуы, отбасына көңіл бөлуі тиіс. Алайда, жоғары жүктемемен жұмыс істеген судьялардың жақындарына қарауға да, ізденуге де уақыты болмайды. Жұмыс уақыты біткеннен кейін де қызмет бөлмесінде отыратын, демалыс күндері де компьютер мониторына телміретін судьяларды көретініміз сондықтан. Судьялар тіпті үйіне барғанда да өзі қараған іс туралы ойланып, қолы қалт етсе әріптестері қараған ұқсас істерді зерделеуге тырысып жатады. Яғни, үйіне барғанда да судьяның ойлайтыны – жұмысы. Осындай жанкештіліктің өзінде қателікке жол беруі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда судьялар жүктемесін төмендету бойынша кешенді жұмыстардың қолға алынуы – қажеттілік.

Бұл жерде бірнеше іргелі бастамалар туралы айтпай кетуге болмайды. Оның біріншісі, дауларды соттан тыс реттеу тәртібін кеңінен қолданумен байланысты. «Медиация туралы» заңның қабылданып, тараптарды татуластыру әдістерінің кеңейтілуі бітіммен бітетін істердің, сотқа жетпей татуласатын тараптың қатарын арттырды. Екіншіден, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың деңгейінде шешілетін мәселелерді сот алаңына дейін алып келмей, сол деңгейде шешу де тиімділігін көрсетті. Мәселен, кейбір әкімшілік құқық бұзушылыққа жол бергендерге жауаптылық белгілеу полицияның құзырына беріліп, соның арқасында судьялар біршама жүктемесін азайтты.

Үшіншіден, Жоғарғы соттың тапсырмаларын орындау мақсатында мемлекеттік органдармен, нотариустармен, АХАЖ бөлімдерімен ұдайы дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізіп, заң талаптарын түсіндіріп, туындаған мәселелерді шешуге бағытталған шаралар қабылдап келеміз. Нәтижесінде аудандық соттарға түсетін талап қою арыздарының санын азайтуға қол жеткіздік.

– Тұрысбек Ерболғанұлы, соттың жұмысы халықтың көз алдында. Содан болар, судьяларға айтылатын алғыс та, сын да аз емес. Көпшілік пікірін қалай қабылдайсыз?

– Француздың Антуан де Сент-Экзюпери деген атақты жазушысы бар. Өзі кәсіби ұшқыш. Төрелік туралы бір шығармасында ол кейіпкерінің аузына сөз салып: «Өз ісіңді өзің таразылау – ең ауыр іс. Өйткені, өзгеден гөрі өзіңді айыптау қиын. Егер сен өз ісіңді дұрыс таразылай алсаң, онда шынымен ғұлама болғаның» дейді. Расында, басқаның жұмысын, сырт адамның әрекетін сынау, ол жайлы пікір айту жеңіл. Оны әлеуметтік желідегі белсенді жазбалардан анық аңғаруға болады. Мұндағы кейбір пікір ақылмен сұрыпталып, нақылмен әдіптеліп ұсынылып жатады. Сананың сүзгісінен өткені, саланы түзесем дегені әр қарпінен байқалып тұрады. Мұндай жанашыр жазбалардың салаға да, судьяларға да берері көп. Орынды ұсыныс, қонымды ой жұмыстың жандануына көмектеседі. Оны қаперге алмау – қателік.

 Ал кейбір жазбалар ұрынып кетуді, бүлдіріп өтуді мақсат етеді. Көрмегенін көрдім деп, білмегенін білдім деп оңай жала жабатын, ойланбай пікір қосатын жандардың жазғаны бүтін ұжымның бірігіп жасаған жұмысын іске алғысыз етіп жатады. Бұл күйіндіреді, бірақ күйреуге себеп болмауы тиіс. Сын шыңдауы, сынақ мықты етуі қажет. Халық қатты айтуы мүмкін, қателесіп айтуы мүмкін, кейде әдейі айтуы мүмкін. Бірақ біз кез келген пікір, ұсынысты байыппен тыңдауға, көңіл-күйдің жетегінде кетпеуге, арандатуға жол бермеуге тиіспіз. Осындайда Қазыбек бидің:

«Өркенім өссін десең, кекшіл болма, кесепаты тиер еліңе.

Елім өссін десең, өршіл болма, өскеніңді өшіресің.

Басына іс түскен пақырға қастық қылма, қайғысы көшер басыңа.

Бүгін сағы сынды деп, жақыныңды басынба!» деген тағылымды сөзі ойға оралады. Сіздің сауалыңыздың да жауабы осы тәмсілде жатса керек.

Төраға ретінде азаматтарды тұрақты қабылдап, өңірлерге жиі баратыныңызды білеміз. Халықпен тығыз байланыс орнату үшін әлеуметтік желіде парақша ашып, көпшілік пікіріне құлақ асатыныңызды да байқап жүрміз. Мұның бәрі жұмысты жандандыруға ықпалын тигізіп жатқан шығар?

– «Көп қайда болса, шындық сонда» дейді қазақ. Көпшілікке қызмет етіп жүрген соң, олардың пікірін, лебізін тыңдау аса маңызды. Ал көптің көңілінен шығу үшін халыққа жақын, ашық, қолжетімді болуың керек. Апта сайын азаматтарды қабылдау себебім де сондықтан. Кездесу барысында заң талаптарын түсіндіріп, қабылдауға келген азаматты толық тыңдап, соттарға деген наразылық көзқарасын басуға тырысамын.

Соттағы жаңа рефомалардың күретамыры – азаматтар қалауы, халықтың талабы. Елдің тілек, лебізінің негізінде судьялардың өзі шығарған қаулы, шешім мен үкімін түсіндіруі міндеттелген болатын. Бұл жаңашылдықтың да игілігі аз болмады. Шын мәнінде, сот шешімі – судья жұмысының ең түпкі нәтижесі. Ал оның күрделі заң терминдерімен жазылуы, түсініксіз болуы қарапайым азаматтардың әділ төрелікке деген сенімін төмендететін негізгі себептің бірі. Сондықтан, сот шешімін судьялардың ұғынықты тілмен жеткізуі, тараптар сауалына нақты жауап беруі салаға деген күдікті сейілтіп қоймай, жоғары

 – Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет!