Болашақ жастардың қолында: Ақтөбе өңірінде «Жасыл ел» еңбек жасағының XXI маусымына 3200 жас үлес қосады

2024 жылы 2050 жас бағдарлама қатысушылары атанды.
Үш айға созылатын маусым биыл да Мемлекет басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы көздеген мақсат-міндеттермен үндесіп, жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға, туған жерге деген жауапкершілігін нығайтуға бағытталады.
Ақтөбе қаласындағы «Қазақ халқына мың алғыс» стелласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары мен студенттік құрылыс отрядтарының XXI жұмыс маусымының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
«Жасыл ел» өңірде бастау алғалы мыңдаған жас еңбекке араласып, ел дамуына өз үлесін қосып келеді. Биылғы маусымда Ақтөбе облысында 3200 жас еңбекпен қамтылады. Қазіргі таңда 600-ге жуық жас еңбек етуде. Жоба басталғаннан бері 60 мыңнан астам жас еңбек жасағына қатысқан. Олардың көмегімен 900 мың түп тал-көшет отырғызылып, 2520 гектар жер көгалдандырылған. 5300 шақырым орман және жол жиегі тазартылып, 1200 құрылыс нысаны бой көтерді. 2000-нан астам жас Астана қаласына жолдама алған.
Айтып өтерлігі, Ақтөбе облысының «Жасыл ел» штабы республикада ұйымдастыру және жалақы төлеу жағынан көш басында.
Салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Асхат Шахаров қатысушыларды жаңа еңбек маусымының басталуымен құттықтап, «Жасыл ел» штабының үздік 100 сарбазына Астана қаласына жолдама табыстады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан: «Тазалық әр адамнан, әр үйден басталуы керек» деген сөзін атап өтіп, жастарды экологиялық жауапкершілікке шақырды. Ақтөбелік жастарды еңбекке ынталандыру және олардың экологиялық сана-сезімін арттыру бағытындағы бұл жобаның алдағы уақытта да табысты жалғасуына сенім білдірді.
Іс-шара барысында әкім Ақтөбе облысының «Жасыл ел» штабының төрағасы Нұржан Шаңғытбаев старттық рапорт ұсынды. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров та құттықтау сөз сөйледі.
Кеш соңында Ақтөбе қаласының жас өнерпаздары мен облыстық филармония әртістерінің қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.