Дүкендер мен супермаркеттерде арақ-шарап сатылмауы мүмкін

Қазақстанда дүкендер мен супермаркеттерде ішімдік сатуға тыйым салу ұсынылды. Үкімет сағатында ІІМ басшысы Ержан Саденов осындай мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрдің сөзінше, алкоголь - елдегі криминоген жағдайға әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Шенеуніктің айтуынша, жыл сайын мас күйде 10 мыңға дейін қылмыс жасалады.
ІІМ ішімдікті интернет арқылы сатуға толық тыйым салуды ұсынды. Одан бөлек:
ішімдікті тек арнайы дүкендерде сату ("алкомаркеттерде");
лицензия беру ережелерін қатаңдату және олардың санын шектеу ұсынылды.
ІІМ басшысы ойын-сауық орындарына арналған шектеу туралы да айтты:
"Ойын-сауық орындарында ішімдік сату уақытын шектеу қажеттілігі туындады. Мұндай нысандарда мас күйде 1 400-ден аса қылмыс жасалған, оның ішінде үшеуі - кісі өлтіру".
Алайда, Ержан Саденовтың айтуынша, кейбір мемлекеттік органдар бүгінде бұл тәсілдерді қолдамайды.
Фото: istockphoto.com