Сауд Арабиясы алкогольге салынған тыйымды жеңілдетпек

Эр-Рияд 2026 жылдан бастап алкогольді сатуға және тұтынуға рұқсат бермек, деп хабарлайды Malim.kz «Коммерсант» басылымына сілтеме жасап.
The Economic Times мәліметінше, бұл жаңашылдық халықаралық шараларға, соның ішінде 2034 жылғы футболдан FIFA әлем чемпионатына дайындық аясында енгізілуде.
Алкоголь тек белгілі бір аймақтарда сатылады, жалпы саны шамамен 600 орын белгіленбек. Негізінен бұл қонақүйлер, курорттар және туристерге арналған аудандар болмақ. Мұнда сыра, шарап және сидр сынды жеңіл алкоголь түрлері сатылады. Қатты спирттік ішімдіктерге тыйым әлі де күшінде қалады.
Сонымен қатар алкогольді үйлерде, дүкендерде немесе қоғамдық орындарда ішуге болмайды. Ережені бұзғандарға айыппұл салынады, оның көлемі нақты көрсетілмеген.
Алкогольге қатысты саясаттағы өзгерістер – Сауд Арабиясының ұлттық «Vision 2030» даму стратегиясының бір бөлігі. Бұл бағдарлама ел экономикасын әртараптандыруға бағытталған және туризмді кеңейтуге басымдық береді. Жергілікті билік бұл шешім жұмыс орындарын ашуға және шетелдік инвестиция тартуға көмектеседі деп санайды.
Айта кетейік, 2024 жылғы қаңтарда Эр-Риядтың дипломатиялық ауданында Сауд Арабиясындағы алғашқы алкоголь дүкені ашылған. Онда тек мұсылман емес елдердің елшіліктерінде жұмыс істейтін шетелдік дипломаттар ғана спирттік ішімдік сатып ала алады. Бұған дейін, яғни 1952 жылдан бері елде алкогольге толық тыйым салынған болатын.
Фото: Hamad I Mohammed / Reuters

Самое читаемое
