Елімізде адамдар жеміс-жидек сатып алуды азайтқан

Соңғы жылдары қазақстандықтардың азық-түлік тұтынуында оң үрдіс байқалады – сүт пен ет өнімдеріне сұраныс артып келеді, бірақ тәттілер әлі де ең көп сатып алынатын тауарлар қатарында қалып отыр, деп хабарлайды Malim.kz Saudata-ға сілтеме жасап.
Сарапшылардың дерегінше, қазақстандықтар әлі де кондитерлік өнімдерді ең жиі сатып алады.
«Кондитерлік өнімдер супермаркеттердегі орташа сатып алу көлемінің 15,7%-ын құрайды. Одан кейін сусындар – 10,4%, ал үшінші орында ет өнімдері – 10,3%. Сүт өнімдерінің үлесі жалпы көлемнің 8,8%-ын ғана қамтиды», – делінген талдауда.
Соңғы уақытта азық-түлік себетінің құрамында пайдалы тағамдарға бетбұрыс байқалады.
Сатып алу жиілігі бойынша тәттілер мен шоколад өнімдері екінші орынға түсіп, (33%), бірінші орынға сусындар (43%) шыққан. Ал сүт өнімдерінің үлесі 30%-ға жетіп, тәттілермен деңгейлес болған.
Аналитикалық мәліметтер бойынша:
нан және тоқаш өнімдері 2024 жылы чектердің 23%-ында кездессе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 20%-ға дейін төмендеген;
жемістердің үлесі де азайған – былтыр 10,6% болса, биыл 9,4%-ды ғана құрады.
Жалпы алғанда, елдегі тұтыну мәдениеті салауатты тамақтану бағытына қарай өзгеріп келеді:
тәттілер мен газдалған сусындар әлі де танымал болғанымен, олардың үлесі біртіндеп азаюда;
сүт пен ет өнімдеріне сұраныс өсіп жатыр;
көкөністердің үлесі жыл бойы тұрақты деңгейде сақталып отыр, тек маусымға қарай сәл өзгереді.
Сарапшылар мұны қазақстандықтардың тағамдық әдеттерінің сапалы трансформациясы деп бағалайды — енді рацион біртіндеп «тәтті мен фастфудтан» «ақуызды және табиғи өнімдерге» қарай ауысуда.
Фото: © istockphoto.com