Мемлекет тірегі – тәртіп: Мәлік Отарбаев Ұлытауда қоғамдық тұрақтылық жайын сөз етті

Бүгін ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен өткен актив отырысында IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларды орындау және аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды.
Жиынға Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, облыстық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Шыңғысов, әкім орынбасарлары және мәслихат депутаттары қатысты.
"Ұлытау облысына келудегі мақсатым — Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының бағдарламалық баяндамасы туралы өздеріңізбен пікір алмасу. Ел Президентінің бағдарламалық баяндамасы — мемлекеттік маңызы бар құжат. Құрылтайда өте өзекті мәселелердің көтерілгенін жақсы білесіздер. Сол мәселелердің түбегейлі шешілуінде Президент тиісті тапсырмалар береді. Биыл Бурабайда өткен құрылтайда 53 мәселе көтеріліп, 53 тармақтан тұратын мемлекеттік маңызы бар құжат қабылданды. Ел Президенті құрылтайда көтерген ең басты мәселе — заң мен тәртіп. Заң мен тәртіпке бағыну мәдениетін қалыптастыру — мемлекеттің алдында тұрған ең үлкен міндет", — деді Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев.
Облыс әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы мәлімдеді.
"Ұлытау облысы бойынша жалпы өңірлік өнім өсімі - 7,7%-ды, жан басына шаққанда - 10,8 млн теңгені құрайды. Бұл елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар, 2024 жылы облыс бойынша жалпы сомасы 34 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба іске қосылса, биыл 138 млрд теңге сомасына 17 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған", - деді Жәнібек Нөпіров.
Мәлік Нұржанұлы облыс орталығындағы спорт нысандарын аралап, құқық қорғау органдарының өкілдері, этномәдени бірлестіктер жетекшілері, әлеуметтік сала қызметкерлері, облыстың имамдарымен кездесті. Кездесуде қоғамдағы өзекті мәселелер туралы пікір алмасты.
Фото: ШҚО әкімдігі