"TikTok бойынша келістік": Трамп Қытай басшысымен кездесетін болды

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен 31 қазан – 1 қараша аралығында Оңтүстік Кореяда өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭЫ) саммитінде кездесетінін мәлімдеді. Бұл туралы Ақ үй басшысы 19 қыркүйек, жұма күні Симен әңгімелесуден кейін Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
«Біз сауда, фентанил, Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату қажеттілігі және TikTok мәмілесін мақұлдау сияқты көптеген аса маңызды мәселелер бойынша прогреске қол жеткіздік», — деп жазды Трамп.
Оның айтуынша, ол Қытай басшысымен 2026 жылдың басында ҚХР-ға сапармен бару туралы да келіскен. Ал Си АҚШ-қа келеді. Даталар кейін нақтыланбақ.
«TikTok мәмілесін мақұлдағаны үшін ризашылығымды білдіремін. Біз екеуіміз де АТЭЫ саммитіндегі кездесуімізді тағатсыздана күтіп отырмыз!» — деп қосты америкалық лидер.
Фото: Jim Watson/Peter Klaunzer/AFP/Getty Images