Марко Рубио: ХАМАС жойылмайынша, Газа халқының болашағы болмайды

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иерусалимде өткен баспасөз мәслихатында АҚШ үкіметі Израильдің ХАМАС-пен соғыстағы мақсаттарын толық қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
«Газа секторының халқы лайықты болашаққа ие болуы тиіс, бірақ ол болашақ ХАМАС жойылмайынша басталмайды», – деді Рубио 15 қыркүйекте Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен бірлескен жиында.
«Сіздер біздің мызғымас қолдауымызға сене аласыздар», – деп ол Израиль басшысына қайырылды.
Рубионың айтуынша, радикалды исламдық топ «ХАМАС аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін қарулы құрылым ретінде өмір сүруін тоқтатуы керек».
Сондай-ақ ол Вашингтон Иранға барынша қысым жасауды жалғастыратынын атап өтті.
Өз кезегінде Биньямин Нетаньяху АҚШ мемлекеттік хатшысының сапарын «Америка Израиль жағында екенін көрсететін айқын белгі» деп сипаттап, АҚШ президенті Дональд Трампты «Израиль тарихындағы Ақ үйдегі ең ұлы дос» деп атады.
Израильге сапар алдында Рубио журналистерге Трамптың «Катар аумағына жасалған әуе соққыларына қанағаттанбай отырғанын», дегенмен Вашингтон Израильді қолдауды жалғастыратынын айтқанын жеткізді.
Бұл сапар Израильдің Катардағы ХАМАС жетекшілеріне әуе соққысынан бірнеше күн өткен соң жүзеге асты. 15 қыркүйекте Дохада араб және мұсылман елдерінің басшылары Израильдің шабуылына ортақ жауап беру мәселесін талқылады.
Фото: Nathan Howard/AFP/Getty Images