Трамп: Зеленский мен Путин арасындағы «ақылға қонбайтын өшпенділікке» қарамастан, келіссөздер өтеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті мен Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен үшжақты кездесу өтетініне сенімді екенін білдірді. Сонымен қатар, Трамп Зеленский мен Путин арасындағы «ақылға қонбайтын өшпенділік» олардың жеке кездесулеріне кедергі келтіріп отырғанын айтты.
«Осы аптада екі ел арасындағы соғыста сегіз мыңнан астам сарбаз қаза тапты, оның сәл көбі Ресей жағынан. Себебі сен агрессор болсаң — шығының да көбірек болады... Мен бұл қырғынды тоқтатқым келеді. Бұрын бұл соғысты тоқтату оңай болады деп ойладым. Бірақ бұл өте қиын болып шықты. Зеленский мен Путиннің арасындағы өшпенділік — ақылға сыймайды. Үстел басына отырып сөйлесуге олар мүлде қабілетсіз. Сол себепті, сөйлесетін, бітімге шақыратын адам — мен болуым мүмкін», – деді Трамп 14 қыркүйекте Вашингтонға ұшар алдындағы журналистермен сұхбатында.
«Келіссөздер болады — оны саммит деп атаңыз не жай кездесу деп, бәрібір. Бірақ менің қатысуыма тура келетін секілді. Өйткені олар бір-бірін соншалықты жек көреді, тіпті сөйлесе алмайды. Олар сөйлесе алатындай халде емес», – деп қосты АҚШ президенті. Дегенмен, кездесу нақты қашан өтетіні туралы ол нақты мәлімет бермеді.
Сонымен қатар, Дональд Трамп Еуропаны Ресейге қарсы тым әлсіз санкциялар қолданғаны және Ресейден мұнай сатып алып жатқаны үшін тағы да сынға алды.
«Еуропа — менің достарым, бірақ олар Ресейден мұнай сатып алып жатыр. Мен бұған қарсымын. Олар енгізіп отырған санкциялар жеткіліксіз. Мен өз тарапымнан санкциялар енгізуге дайынмын, бірақ олар да өз қадамдарын жасау керек... Мен ілгері қадам жасауға дайынмын, бірақ олар да бірге қозғалу қажет. Олай жасайды деп үміттенем. Қазірше тек сөз бар, нақты іс жоқ. Себебі олар Ресейден мұнай сатып алуды жалғастырып жатыр. Ал біз — сатып алып жатқан жоқпыз. Ал олар көп мөлшерде сатып алуда. Бұл — мәміле емес», – деді Трамп.
13 қыркүйекте Дональд Трамп егер НАТО-ға мүше елдер Ресей мұнайын сатып алуды доғарып, ортақ қатаң ұстаным ұстанса, онда АҚШ Ресейге қарсы «елеулі санкциялар» енгізуге дайын екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, АҚШ президенті НАТО елдеріне Қытайдан келетін импортқа 50–100% көлемінде кедендік баж салығын енгізуді ұсынды.
Украина президенті Владимир Зеленский бұл ұсынысты қолдап, әріптес елдерді «Ресей мұнайына қатысты санкциялар бойынша сылтау айтуды доғаруға» шақырды.
Фото: Jacquelyn Martin/AP Photo/picture alliance