Мұғалімдердің наразылығы күшейіп барады

Мектепке педагог болып жұмысқа орналасқан әрбір мұғалім 5 жыл сайын міндетті аттестациялаудан өтеді. Бұл аттестациялау үрдісінде педагогика саласы және өз пәні бойынша жетістігі жинақталған портфолио өткізіп, тест тапсырып, біліктілігін растауы керек

  • 13.04.2023

Негізінен, мұғалімнің біліктілігі «Педагог», «Педагог-модератор», «Педагог-сарапшы», «Педагог-зерттеуші», «Педагог-шебер» деген деңгейлерге бөлінеді. Яғни, ең төменгі деңгейден еңбек өтіліне және деңгейді растауға байланысты жоғарылай береді деген сөз.

Алайда жыл сайын аттестация «жыры» өршімесе, басылмай тұр. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, тест базасы жыл сайын жаңартылып, күрделілігі арта береді. Мұндағы мәселе: педагогика саласының жаңа ғалымдары, әлемдік білім жүйесі, Lesson Study сабақты зерттеу әдісі турасында. Астана мен Алматы және облыс орталықтары болмаса, қалған аудан, ауыл мектептеріне Lesson Study әдісі әлі толық енгізілген жоқ.

Екіншіден, төрт жыл білім алып, мемлекеттік емтиханда өз білімін дәлелдеп, қолына дипломын алған педагогтің тест тапсыра беруі қисынға келмейді. Өзінің және шәкіртерінің жетістігі жинақталған портфолио ғана өткізсе, мұғалімнің біліктілігі жүйелі түрде анықталады.

Шын мәнінде, мұғалім балаларға сапалы сабақ беруді ғана ойлауы керек. Тест тапсыру мен жетістіктерді жинаудан кәсіби мұғалімнің қабілеті толыққанды көрінбейді. Кәсіби мұғалімнің қабілеті оқушыларға сабақ бергенде, шынайы анықталады. Жас буынмен емен-жарқын әңгімелесуі, шәкірттеріне тақырыпты түсіндіріп, тапсырманы орындатуынан және натиже шығаруынан айқындалады.

Аттестациялаудан өтудің жүйесіне қарсы болған ұстаздардың қарасы көп. Мәселен, Алматы қаласы Д.Бабаев атындағы 115 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, шебер-педагог Мейрамгүл Нусупбекова бұл жайында былай дейді:

 «Аттестацияда мұғалімдерді қинау басым. Методиканың спецификасына өзгеріс енгізген, ол өзгерісті мұғалімдер білмейді. Атап айтқанда, мұғалімдер 1, 2, 3 және жоғарғы деңгейдегі деңгейлік курстан өтті. Сонда «Мұғалімге арналған нұсқаулық» әдістемелік жинақты оқып, меңгерді. МАН бірінші деңгей, екінші деңгей, үшінші деңгей және жоғарғы деңгей әрқайсысы алты-жеті, тіпті он екі кітаптан тұрды. Педагогика мен психология сұрақтары осы еңбектерден дайындалды. Енді «аяқ астынан» өзге авторларды беріп тұр, сұрақтар нақты емес. МАН айтқан пікірге сәйкес келмейді. Сондықтан шекті балды жинай алмай жатыр. Аз күнде ауысқан методикалық кітаптарды оқып шығу мүмкін емес».

Ал мерзімнен бұрын, яғни 5 жыл толмай, жоғары біліктілікті алғысы келгендерге тосқауыл тіпті орасан. Мысалы, педагог-сарапшы болу үшін ағылшын тілінің ең жоғарғы деңгейін білу (ол ағылшын тілі пән мұғалімі болмаса да), Қалалық сарапшылар кеңесінде мүше болу, «Үздік педагог» байқауының алғышқы орнын қанжығалау (аудан мен қаладан жылына тек санаулы ғана мұғалім жүлдеге іліне алады) секілді талаптарды орындау керек. Мұндай талаптарды орындай алған мұғалім кемде кем. Яғни, осындай қиын әрі күрделі талаптарды қою арқылы тексеру комиссиясы мұғалімдерді барынша өткізбеуге тырысады.

Егер мерзімі келген мұғалім белгіленген тест сынағынан және портфолиодан өте алмай қалса, онда ол бір сатыға төмендейді. Мысалы, педагог-зерттеуші педагог-сарапшы деңгейіне қайта оралады. Ал осыған дейін заң басқаша болған еді. Мысалы, педагог-зерттеуші болып жүріп, егер тест тапсыра алмай қалса, бірден ең кіші педагог деңгейіне бірақ түсетін. Кейінірек осы заң өзгеріп, жоғарыда біз айтқан критерий қосылды.

Тест пәндік білім (мұғалімнің өз пәні бойынша) және оқыту әдістемесі секілді екі бөліктен тұрады. Төменде шекті балдың кестесі көрсетілген:

Ұстаздар өз пәні бойынша құрылған тест сұрағына мүдірмей жауап берсе де, оқыту әдістемесінің сұрақтарына қиындықпен жауап береді. Себебі Мейрамгүл Барқазатқызы айтқандай, мұндағы сұрақтар реті, жөні, кітаптары толық жарияланып, анықталмаған. Бірлі-жарым болмаса, мұғалімдер дайындалатын мүмкіндік ескерілмеген.

Аттестациялаудан өтуге талпынған жас және жасамыс ұстаздар қауымы түрлі әлеуметтік желілерде ортақ топтар (чат) құрып, сонда қордаланған мәселелер туралы ой қозғауда. Әр жерден «шыдамымыз таусылды», «жүйе дұрыс құрылмаған», «біліктілікті тапсыру процесін өзгерту керек» деген наразылық сөздері көп.

Шыдамы таусылса да, жүйенің шырмауынан шыға алмаған шын мамандар не істерін білмей, әбігер күй кешті. Әлі де сол күйді кеше беретін сыңайлы. Өйткені бұған тосқауыл қояр орталық, сапаны реттей алатын жүйе табылмай тұр.

Біржан АХМЕР