Орал қайда, Қарағанды қайда?: Қала жоспарындағы оғаш фактілер

Қазақстанның әр өңірінде орналасқан қалалар кейде бір-біріне айна-қатесіз ұқсас болып шығуы мүмкін. Бұл әсіресе Орал қаласының жаңартылған бас жоспарының (генплан) түсіндірме жазбасын оқыған тұрғындарды таңғалдырды, деп хабарлайды "Время" сайтына сілтеме жасап.
Жуырда қаланың әкімдігі ресми сайтында Оралдың жаңа бас жоспарына қатысты құжат жариялаған. Бірнеше томнан және жүздеген беттен тұратын түсіндірме жазбада қала туралы таңғаларлық мәліметтер келтірілген, олардың бір бөлігі ақылға сыйымсыз көрінеді.
Құжаттың бір жерінде Орал «кен орындарының маңында пайда болып, дамыған қала» деп сипатталады. Ал басқа қалалар «адамдарға қолайлы – су көздері, орман, табиғи байлықтары бар аймақтарда» орналасқан деп көрсетілген. Бұл мәліметті оқыған оралдықтар абдырап қалды, себебі Орал өзені бойында орналасқан бұл қалада ешқашан көмір өндірілмеген.
Белгілі болғандай, түсіндірме жазбаның кемінде жүз беті Қарағанды мен Семей қалаларының даму құжаттарынан көшіріліп алынған. Кейбір параграфтарда Қарағандыдағы су қоймалары мен Семейдегі сәулет ескерткіштері туралы айтылса, енді бір жерінде «Сокыр өзенінің алқабында транзиттік аймақ құру қажет» деген ұсыныс кездеседі. Ал бұл өзен Оралдан жүздеген шақырым жерде жатыр.
Құжатта сондай-ақ Орал қаласына тән кейбір нақты мәселелер де айтылған – мысалы, жасыл аймақтардың жүйесіздігі немесе экологиялық қаңқаның әлсіздігі. Алайда бұл мәліметтер шындыққа жанаспайтын деректермен қатар тұрғаны жұрттың ашуын туғызды.
Қоғамдық тыңдаулар барысында қала әкімінің орынбасары Азамат Халелов көпшіліктің наразылығына жауап беріп, мұны «адами фактормен» түсіндірді. Оның айтуынша, сайтқа ақпаратты жүктеген мамандар мәтін бөліктерін шатастырып алған. Бірақ бірқатар IT-маман мұндай техникалық қате болуы мүмкін емес деп отыр: көшірілген мәтін тұтас емес, әртүрлі қалаларға тиесілі абзацтар араласып кеткен, тіпті бір сөйлемнің өзінде бірнеше қала атауы кездеседі.
Осының бәрі күлкілі көрінер еді, егер бұл құжаттың түзетілуіне 250 миллион теңге бюджет қаржысы жұмсалмаған болса.
Түсіндірме жазбада кеткен мұндай өрескел қателер әкімдік шілде айының соңында өткізген кеңесте қаралған генпланда қалайша байқалмай қалғаны да белгісіз. Бұл сұраққа жауап берген Азамат Халелов:
– Бізге тек диаграммалар мен схемалар көрсетілді, – деп қысқа қайырды.
Айта кету керек, кез келген елді мекеннің генпланы бірнеше кезеңнен тұрып қабылданады. Соңғы сатысы – бейінді министрліктердің бекітуі. Сонда бұл құжатты әзірлегендер неге сенді? Түсіндірме жазбаның ортасына дейін ешкім оқымайды деп ойлады ма екен?
Фото: Время

Ең көп оқылған
