Патриот жастарды тәрбиелейтін сайыстар көбейіп келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің мызғымас келешегін, Отанның бүтіндігін көксейтін жастар шоғырын қалыптастыруға ден қоюды ұдайы назарға алып келеді. Жүрегіне жігер ұялаған, елдік сезімі бекем, қуат-күші лықсып тұрған жастарымыз – ұлттың темірқазығы болатыны айқын. Ол үшін Президент даңқымен, абыройымен елге тұтқа болған Қабанбай баһадүр, айбарынан дұшпандары сескенген ер Бөгенбай, саулаған қара күшімен жаһан жұртын тегіс бас игізген Қажымұқан, кешегі қанды майданда толарсақтан саз кеше жүріп, жеңістің ақ байрағын зеңгір көкте желбіреткен Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов сынды алыптар дәстүрін қайта жаңғыртуды ел алдындағы маңызды бағдар етуге үндегені мәлім. Тоқаевтың пайымдауынша, ерен ерлікке қаймықпай бара алатын әрбір жас ел мен жердің тұтастығын сақтайды. Өскелең буынның жан-дүниесінде орныққан патриоттық құндылық, Отанға биік құрмет болуға тиісті. Патриоттық дегеніміз Мемлекет басшысы тоқталып өткендей, – дабылдатып, ұрандатумен әсте өлшенбейді, ең жарқын қастерлі қасиет бұл. Мұндай асыл мінез қоғамды ізгілікке жетелеп, саламатты өмір салтына даңғыл жол ашып береді.
Кейінгі кездері талайды қара күшімен таңғалдырып жүрген алып та, патриот жігіттердің басын түйістіретін «Қажымұқан жолы» турнирі ұйымдастырылып келеді. Бұл байыпты бастаманы дәстүрге айналдырып жүрген елімізге аты әйгілі балуан, Қазақстан рекордтар кітабына бірнеше мәрте есімі жазылған батыр Сергей Цырульников. Аты айтып тұрғандай, аталмыш аламан біртуар балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының ерлікке толы жолын дәріптеу һәм спортшы азаматтарымыздың арасындағы сайыпқырандарды халыққа таныстыруды меже тұтады. Күштілердің бәсі биік бәсекесі үш жыл көлемінде осы уақытқа дейін Елордадан бастап Түркістан шаһары, Шығыс Қазақстан облысы, Ақмола, Ақтөбе, Петропавл, Павлодар облыстарында мәреге жетіп, өнері мен қайраты екі жақтаған дарабоздарды іріктеп, олардың даңқын аспандатуға жол ашты. Кіл мықтының ішінен іркіліссіз іріктеліп шыққан қабылан жүректі баһадүрлер салмағы зіл батпан бөренені еңсеру, таға пішінді темірді майыстыру, килограммы 60-тан басталып 100 келіге жетіп қалатын қанарды тез арада көтеру, 150 келіге жуықтайтын қара тасты 1 метр биіктігі бар тумбаға қою, белдесу сыны, 100 килограмнан асып жығылатын көлемді томарды иықпен жоғары көтеруден шеберлік байқасып, әлеуетін таразыға салып жүр.
Жас патриоттарға серпін беріп, ерлікке бағдар болатын, қарымды да дарынды азаматтарды қалыптастыратын жарыстың санатында көптен бері өткізіліп келе жатқан «Толағай» турнирі бар. Осы апайтөс жігіттердің жарысын ұйымдастыруға сеп болып жүрген қара күштің иесі, рекордшы Темір Дәулетбақұлының айтуынша, Толағайларды бір арнаға тоғыстыратын дода спортқа шын берілген таланттардың үлкен бір шоғырының пайда болуына мүмкіндік береді.
«Білегінен қара күш саулаған алыптар айқасының бір ерекшелігі – мұнда бір емес, көпсайысқа куә боласыздар. Ең әуелі қайратты азаматтарды сынға салатын жоба 2022 жылы Жер шоқтығы – Жетісуда байрағын көтерген болатын. Былтыр Астана күні мерекесінде тұңғыш мәрте, жоғары деңгейде өткіздік. Мақсат, міндет тайға таңба басқандай – айқын, анық. Ерлік ісімен жарты әлемге атын жайған Мұңайтпасұлы, Балуан Шолақ, кешегі Сағадат, Мәлік сынды батыр тұлғаларымыздың даңғыл жолын жастардың санасына құю, сондай алыптарымызға құрмет көрсету, жаңа буынды спорттың сыйқырлы әлеміне жетелеу. Бәсекелестікке бағыттайтын сайыс 5 кезеңді қамтитынын айта кеткен абзал. Кешегі Нұрмағамбет палуандар елу бір пұт гірдің тасын ұршықша иірер болса, бұл жалынды жігіттер де бабасынан бір мысқал кем деуге келмес. Алыптарға мүмкіндік ретінде 1 минут бөлініп беріледі. Сол уақыт жиілігін тиімді қолданып 140 келі тартатын қара бұжыр тасты он метрге жеткізуге талпыныс жасайды. Одан кейінгі кезең тіпті қиындай түседі. Бұл сатыда қатысушылардың білек күші, жүрегінің қуаты таразыланатынына екпін түсірсем деймін. Мәселен, он килограмнан асып түсетін ақ найзаны он метр болатын аралыққа лақтыруда шеберлік танытуға тиіс. Сонымен қатар, толағайлар салмағы зіл батпан бөренені көтеруде мықтылығын көрсетуге күш-жігерін салады. Бұл сында темірді арлы-берлі иетін жігіттердің өнерін тамашалауға мүмкіндік бар. Ең қызық та қиын кезеңі – алғадай жігіттер салмағы 500 кг болатын арбаны бір минут ішінде тартқан жеріне дейін апаруы керек. Біздің сайыскерлеріміз қандай сын болса да сақадай сай. Республиканың әр түкпірінен келген апайтөс алыптар жастарға спорттық тұрғыдан да, патриоттақ жағынан да барынша үлгі-өнегесін көрсетіп келе жатыр»,-дейді Темір Спатаев.
Айта кету керек, еліміздің еңсегей бойлы, ержүрек, батырларын дәріптеу, ұлтымыздың салт-дәстүрімен қабысқан ойындарын насихаттау мақсатын көздейтін ауқымды жарыстарға 18 жасқа толған әрбір ниетті азамат қатысып, бағын сынай алады. Оған тек спортшылар қатысады деген қатып қалған қағида жоқ.
Сүйіншілеп айтар ақжолтай жаңалықтың бірі десек те болады, биыл елорда төсін дүбірге бөлейтін 5-ші дүниежүзілік көшпенді халықтар ойынына осы «Толағай» сайысы енгізілді. Көпсайыстың аты әлемге мәшһүр бұл жарысқа кіріктірілуі сөз жоқ еліміздің зор табысы деуге әбден болатындай. Жуырда еліміздің бірқатар аймағында мықтыларды іріктеу турнирлері өткізілді. Сыннан сүрінбей өткен балуандар республикалық дәрежедегі сайыста бақ сынайды. Ал одан өтіп, қатарластарын қапыда қалдырған апайтөс алыптар Көшпенділер ойынының көрігін қыздырып, көк туымызды желбіретеді деген сенім бар.
Тау көтеріп даңқы аспандаған толағайлардың ізін жалғастырар өскелең буын аз емес бізде. Темір Сыпатаев алдағы уақытта балаларды спорттың бірнеше түріне икемдеп, олардан да атан бураны тік көтеретін алып жасап шығарғысы келеді. «Мұндай саламатты өмір салтын дәріптейтін мектептер елдің әр қаласында ашылып, жас өркендерді елінің шынайы патриоты, елін сүйетін, елі сүйенетін батырларды тәрбиелеуге ықылас танытамын. Оларға Ағыбай, Наурызбай, Абылай, Сырым, Кенесары сынды баһадүр даналарымыздың ғибратты ғұмырын үлгі етсем. Сол кезде ғана президентіміз айтатын нағыз Отанның патриот ұл-қыздары өсіп шығады. Қазір ел болып күресіп жатқан, тамыры кеңге жайылып кеткен кесел – есірткі сияқты заттардан жас өркендерімізді қорғап қалуымыз қажет. Оның нақты әрі төте жолы – спортпен ұдайы, талмай-тынбай айналысу. Ол үшін темірдей тәртіп, тынымсыз ізденіс, қажымас қайрат-жігер керектігі айқын. Ал біз осы мақсатта жұмысымызды жалғастыра береміз», -дейді рекордшы, алып күш иесі Темір Дәулетбақұлы.
Дәстүрлі түрде елдің жүрегінен орын тапқан «Қазақстан барысы» турнирі де талай спортшының, патриот жігіттердің, балуандардың жолын ашуға септескені белгілі. Республикадағы маңызды мерекелер қазір «Қазақстан барысынсыз» өтпейтін қуанышты шаққа жеттік. Бейбіт Ыстыбаев, мұхит Тұрсынов, Ұлан Рысқұлов, Айбек Нұғымаров секілді күрестің озық үлгісін көрсеттер елге танымал атанды. Енді осы турнир балалар арасында да өтіп тұратын болды. Мереке қарсаңында БҚО-да күрес өнерін паш еттуді мұрат тұтқан «Бала барысы» дүбірлі додасы шымылдығын түргені мәлім. Облыста тұұңғыш мәрте ұйымдастырылған бәсеке балалардың осы спорт түріне қызығушылығын арттырып келеді. Боз кілем бәсекесі күреске бейім ұлдардың жігерін жанып, намысын оятады. Сайысқа Орал қаласы мен өңір аудандарынан 38 қатысушы бақ сынауға өтініш білдірген. Бас төреші Еділ Үсеновтің айтуынша, айрықша идея «Қазақстан барысы» ауқымды жобасына ұқсатып алынған. «Желкілдеп өсіп келе жатқан балауса балуандарымыз осы кілемдерге шығып, шыңдалып, үйренеді деген оймен ұйымдастыруды ұйғардық. Тұңғыш рет өтіп жатқан соң балалардың деңгейін жаңа-жаңа көріп жатырмыз. Жыл сайын жалғасын табатын болса рейтинг көтеріледі деп ойлаймын»,- дейді ол.
Жеткіншектер арасындағы белдесулер тартысқа құрылған. Кішкентай балуандар бір-бірінен асып түспесе, кем емес. Алайда жарыс шарты біреу. Нағыз мықты ғана жеңіс тұғырынан көрінеді. Бақ пен бап сыналған бәсекеде жауырыны жерге тимеген Санжар Рысқалиев өзгелерден оқ бойы озық шықты. Спортты жанына серік еткен балғынның арманы - Олимпиада чемпионы болу, Отанның адал патриотына айналу.
«Бала барысына жақсы дайындықпен келдім. Бір-екі күн қалғанда әзірлікті күшейттім. Бес адаммен күрестім. Үлкен қарсыластарым болды. Ал финалда көп қиналмадым. Жоғарыдан ұстап, жамбас әдісімен ұттым»,-дейді «Бала барысы» қалалық турнирінің жеңімпазы Санжар Рысқалиев.
Бәсі биік бәсеке алдағы уақытта ауқымды жоба ретінде еліміздің әр аймағында түгелдей жалғасады.