Президент тау туризмін дамыту туралы айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Malim.kz.
"Шынын айту керек, кәсіби кадрлар тапшы. Осы саладағы бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы. Мен шілдеде туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды. Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады. Ал шетелден туристер тарту мәселесі және отандық туризм саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз ету орталық органдардың назарында болады", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы осы орайда Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі, тау шаңғысы туризміне арнайы тоқталды.
"Қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болмақ", - деді Президент.
Malim.kz осы ретте Еуразиялық тау курорттары альянсының бас хатшысы Андрей Кукушкинмен пікірлесіп, бұл маңызды саланың қаншалықты жүзеге асатыны және оны іске асыру үшін мемлекет не істеуі керектігі жайында сөйлескен еді.
Мен бұл жобаның жүзеге асатынына сенемін. Ол аяқ астынан пайда болған, бір күндік жоба емес. Осы бағытта туризм саласының мамандары мен сарапшылары көп жылдан бері дайындалып келеді. Және дәл осы қалыпта оны жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар деп есептейтін сарапшылар көп, – деді Андрей Кукушкин.
Ол былтыр қыркүйекте Алматыда Алматылық тау кластеріне арналған халықаралық конференция өткенін еске салды. Халықаралық және отандық сарапшылар бұл жобаны жүзеге асыру қажет деген ортақ пікірге келген.
Жобаның негізгі идеясы – Алматы өңіріндегі тау туризмінің негізгі орталықтары Шымбұлақ пен Ойқарағайды заманауи аспалы жолдар жүйесімен байланыстыру. Бұл жүйеде әрбір негізгі шатқалда – мысалы, Кімасар, Бутаковка, Қатарбалақ секілді – ауысып мінетін станциялар болады. Бұл шатқалдардың әрқайсында кеңестік кезеңнен қалған ескі тау базалары бар, алайда оларға тиісті қаржы мен назар жетіспейді. Егер осы көтергіштер жүйесі іске қосылса, бұл базалар да дамиды. Туристер келе бастаған сәтте, оларға қызмет көрсету сапсы да жақсара бастайды. Яғни, демалыс, тамақтану, көлік қызметтері дамиды. Сол кезде біз екі жеке курорттың орнына бір үлкен және маңызды шаңғы аймағына ие боламыз, – деп түсіндірді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, бұл жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Және оның іске асатынына сенімді. Қазіргі таңда алғашқы кезең – Медеуден Кімасар шатқалына дейінгі аспалы жолды жобалау және салу. Бұл аяқталған соң, құрылысшылар келесі кезеңге – Кімасардан Бутаковкаға дейінгі бағытқа көшеді. Яғни, бірден бүкіл ауқымды жобаны қолға алмай, біртіндеп, жоспарлы түрде іске асыру көзделіп отыр. Осылайша, жоба жүзеге асуы әбден мүмкін және оны жоғары деңгейде әрі жауапкершілікпен атқару қажет.
Фото: Shymbulak Mountain Resort

Ең көп оқылған
