Қанат Шарлапаев тағы бір қызметінен айырылды
Қазақстанның президент бұрынғы көмекшісі Қанат Шарлапаев «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің директорлар кеңесінен шығарылды, деп хабарлайды Malim.kz Қазақстан қор биржасына (KASE) сілтеме жасап.
«2025 жылғы 14 қазандағы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ (KASE тикері – BTRK) жалғыз акционерінің шешімімен Шарлапаев Қ.Б. қоғамның директорлар кеңесі құрамынан шығарылды», – делінген бейсенбі күні таратылған хабарламада.
Осы өзгерістен кейін «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесінде 9 мүше қалды.
Қанат Шарлапаев Саратов әлеуметтік-экономикалық университеті мен Ұлыбританиядағы Cranfield School of Management оқу орнын тәмамдаған.
Ол ұзақ жылдар бойы Ұлыбританияның "Сити" инвестициялық банкінде жұмыс істеді. 2015 жылы "Ситибанк Қазақстан" ұйымында бас қаржы директоры, кейін басқарма төрағасының орынбасары және аға вице-президент қызметтерін атқарды.
2017–2020 жылдары Шарлапаев "Сити" банкінің Ресей, Украина және Қазақстан бойынша бас қаржы директоры болды. Ал 2020–2022 жылдары Африка, Таяу Шығыс және Шығыс Еуропаның дамушы нарықтарындағы стратегия, жоспарлау және талдау жөніндегі аймақтық директор қызметін атқарды.
2022 жылдан бастап "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі басқармасының төрағасы әрі директорлар кеңесінің мүшесі болды. Сол жылдың соңында Қазақстан азаматтығын алды.
2023 жылғы 4 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Индустрия және құрылыс министрі болып тағайындалды. Ол "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнын мемлекет меншігіне қайтару процесін қадағалады.
2025 жылғы 28 ақпанда Қанат Шарлапаев министр қызметінен босатылып, Президенттің көмекшісі болып тағайындалды.
Ал 25 қыркүйекте Мемлекет басшысы оны көмекші қызметінен де босатты.
Фото: Ақорда