Қарағанды облысында 20 мобильді бекет қойылды

Қарағанды облысында мал ұрлығының алдын алу және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің мүлкін қорғау мақсатында 15 қыркүйектен бастап республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда 20 мобильді бекет жұмыс істей бастады, деп хабарлайды Malim.kz.
Мобильді бекеттердің негізгі міндеті – ет өнімдерін тасымалдайтын көліктерді тексеріп, құжаттарының заң талаптарына сәйкестігін бақылау. Тексерістерге патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар және криминалдық полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Бес күн ішінде 2 мыңға жуық автокөлік тексеріліп, құжаттар заңдылық тұрғысынан бақылаудан өтті.
Қарағанды облысы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мейіржан Сламбековтың айтуынша, күзгі соғым маусымында мал ұрлығы жиілейтіндіктен, мобильді бекеттердің жұмысы алдын алу шарасы ретінде ұйымдастырылып отыр. Ол шаруалар мен ет тасымалдаушыларды полиция қызметкерлерімен ынтымақтасуға шақырды.
Өткен жылы өңірде мал ұрлығына қатысты 25 дерек тіркеліп, 147 мал қолды болған. Оның ішінде 64-і жылқы, 44-і ірі қара, қалғаны ұсақ мал. Жүргізілген шаралардың нәтижесінде 95 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды.
Фото: polisia.kz