Қаржы полициясы басшысының кабинетіндегі азаптауға қатысты сұмдық мәліметтер жарияланды

Қайрат Қожамжаров пен оның сыбайластары бір күдіктіні қорқыту үшін оған қатысты тек азаптау әрекеттерін ғана емес, қызының өміріне қауіп төндіріп, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың портретін көрсетіп, "қажетті ақпаратты алуға тапсырма сол кісіден келді" деп айтқан, деп хабарлайды Malim.kz КазТАГагенттігіне сілтеме жасап.
КазТАГ хабарлауынша, бұрынғы Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес агенттігінің (АБЭҚК/Қаржы полициясы) төрағасы Қайрат Қожамжаровтың кабинетінде азаптау құрбандарына қатысты оқиға сотта расталған.
Сот үкімінде келесі мәліметтер келтірілген:
«2011 жылдың 14 маусымында Қайрат Қайырбаевтың басына қайтадан қап кигізіп, белгісіз ғимаратқа алып кетеді. Қапты шешкен кезде ол Қожамжаров, Мадиев және Татубаев отырған кабинетте болған. Қожамжаров Нұрсұлтан Назарбаевтың портретін көрсетіп, өзінің сол кісінің тапсырмасын орындап жатқанын айтып, Жақаев пен басқа адамдарға қатысты айғақ қажет екенін мәлімдейді. Сонымен қатар, ешқайдан көмек болмайтынын ескерткен. Одан кейін оны басқа кабинетке алып барады. Онда белгісіз бір ер адам оған қызының суретін көрсетіп, егер айтылған көрсетіні бермесе, қызына қауіп төнетінін айтып қорқытады. Осыдан соң оны Қаржы полициясы ғимаратының жертөлесіне қайта жеткізеді», — делінген Қожамжаровтың бұрынғы қарамағындағыларға қатысты шығарылған үкім мәтінінде.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Азаптау мен саяси қорқыту құралдары ретінде мемлекет басшылығының атын пайдалану — құқықтық мемлекеттің негіздеріне тікелей қайшы әрекет.
Айта кетейік, Қаржы полициясының экс-төрағасы Қайрат Қожамжаровтың бұрынғы қарамағындағы қызметкері – Ұлан Мадиевтің азаптау ісі бойынша ұсталғанын хабарлаған болатын. Бұл оқиға атышулы «Хоргос ісіне» қатысты даулы деректердің жалғасы ретінде қарастырылып жатыр.
Фото: Ақорда


Ең көп оқылған
