Қазақстандықтарға Еуропаға бару жеңілдесе, не өзгермек?
Қазақстан мен Еуропалық одақ виза талаптарын өзара жеңілдету туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отыр

Қазақстан мен Еуропалық одақ виза талаптарын өзара жеңілдету туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, келісім бойынша келіссөздер жүргізуге мандатты Еуроодаққа мүше мемлекеттер мақұлдап, Еуропалық комиссияға тапсырған.
"Бұл келісім бойынша келіссөз өтінішті қарау мерзімін қысқарту, талап етілетін құжаттар тізімін азайту, виза төлемін азайту, қолданылу мерзімі ұзағырақ бірнеше виза алу мүмкіндігін кеңейту, сондай-ақ, өтініш берушілердің жеңілдік санаттарын енгізу сияқты шараларды қамтиды", - деп жауап берді СІМ Tengrinews.kz-ке.
Алайда келісімге нақты қашан қол қойылатыны белгісіз. Бұл мәселе еуропалық тараппен келіссөздер аяқталғаннан кейін анықталады. Өзгерістер тараптардың ішкі мемлекеттік рәсімдері өткен соң ғана күшіне енеді.
Министрлік мұндай келісімге келудің қазақстандықтар үшін Еуропа елдеріне сапар жасау мүмкіндігін кеңейтетінін және сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық деңгейдегі іскерлік белсенділікті дамытуға ықпал ететінін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Еуропа қазақстандықтарға виза беру тәртібін жеңілдетуі мүмкін екені хабарланды.
Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Каллас Еуропалық комиссия мен Қазақстан арасында виза беру тәртібін жеңілдету жөніндегі келісімді бекіту үдерісі басталғанын мәлімдеді.
Фото: gov.kz