Қостанайда бас дәрігер, экс-шенеунік және кәсіпкер қамауға алынды

Қостанай облысында медициналық жабдық сатып алу кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы, аудандық аурухананың бас дәрігері және жеке кәсіпорынның директоры ұсталды, деп хабарлайды Malim.kz облыс прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күдіктілер 25 тамызда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жемқорлыққа қарсы қызметі мен Қостанай облысы прокуратурасының бірлескен жедел-тергеу тобы жүргізген шаралар мен прокурорлық тексерулердің нәтижесінде ұсталған.
26 тамызда арнайы тергеу соты аталған адамдарға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы («Қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану») 4-бөлігі 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Фото: видеодан кадр

Ең көп оқылған
