Шерзат ісі: Сотта күлген адамдардың видеосын таратқандар жазаланды

Шерзат Болаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде әлеуметтік желіге айыпталушылардың видеосының қалай тарағаны белгілі болды. Бұл туралы сот отырысында істі қарап жатқан судья Ержан Жанұзақов мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.
Судьяның айтуынша, 29 сәуірде өткен тікелей эфирден кейін желіге тараған бейнежазба бойынша жүргізілген қызметтік тексеріс нәтижесінде трансляцияны уақытында тоқтатпаған техникалық қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
— Қызметтік тексеріс барысында техникалық топ трансляцияны дер кезінде тоқтатпағаны анықталды. Соның салдарынан күдіктілердің видеосы эфирге шығып кеткен. Осыған байланысты Рүстем Мұқсынов, Нәзира Оразалиева және Сәуле Қайдағұлова тәртіптік жауапқа тартылды, — деді судья Жанұзақов.
Сондай-ақ, 21 мамырда тараған сот отырысының аудиожазбасына байланысты судья жеке қаулы шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенін хабарлады.
— Бұл мәселе бойынша сот жеке қаулы шығару қажет деп тапты. Прокурор заң аясында тиісті шара қолдануы тиіс. Іс бойынша шешімді тек сот қабылдайды, — деп ескертті судья.
Фото: Жоғарғы сот