Судья және әлеуметтік желі

Судья көпшілік алдында жүрген, елдің айнасы. Бүгінге дейін үшінші билік өкілдерінің тәуелсіздігіне, білімі мен білігін көтеруге, әдептілік қағидасын белгілеуге барынша көңіл бөлінді.

  • 28.02.2023

Алайда, судьялардың әлеуметтік желідегі бет-бейнесі мен жауаптылығына қатысты мәселе әлі күнге дейін басы ашық тұр. Тіпті Әдеп кодексінде де бұл мәселе қамтылмаған. Шындығында әлеуметтік желілер қазір ақпарат алудың ең кең тараған түрі.

Kapital.kz сайты келтірген дерекке сенсек, 2021 жылы еліміздің 15 миллион 470 мың тұрғыны әлеуметтік желіні қараған. Зерттеу көрсеткендей, қазақстандықтар күніне орта есеппен 255 минутын әлеуметтік желіге арнайды екен. Бұл үлкен күш. Бұрын халық өзіне керек білімді телеарнадан, газет-журналдардан алатын. Ал қазір тұрғындардың 73 пайызы ғаламторды ең бірінші ақапарат көзі деп таниды.

Әлеуметтік желі таратқан ақпарат пен ресми БАҚ таратқан ақпараттың арасы жер мен көктей. Ресми БАҚ үшін өзі ұсынатын ақпараттың шынайылығы, маңыздылығы басты орында тұрса, әлеуметтік желіде ең алдымен жеделдікке мән беріледі. Жедел таратқан ақпараттың сүзгіден өтпейтіні, жан-жақты тексерілмейтіні, соған орай қателік пен заңбұзушылықтың орын алатыны түсінікті.

Судьяның әлеуметтік желіні пайдалануы тиімді ме, зиянды ма?

Бүкіл әлемді шырмауықша шырмаған әлеуметтік желінің сот қызметіндегі орны қандай? Судьяның әлеуметтік желіні пайдалануы тиімді ме, зиянды ма? Бұл сұрақтар Судьялардың Әдеп кодексінен сырт қалған. 

Ал дамыған елдерді былай қойғанда, бауырлас Украина республикасындағы судьялардың Әдеп кодексінде бұл мәселе жан-жақты көрініс тапқан. 2013 жылы 22 ақпанда қабылданған кодекстің 20-бабында судьяның әлеуметтік желілерге, интернетфорумдарға қатысуына және оның Интернет желісінде басқа да қарым-қатынас нысандарын қолдануына жол берілетіні, алайда оны пайдалану сот билігінің беделіне нұқсан келтірмеуі керектігі тайға таңба басқандай көрсетілген.

Сондықтан Жаңа Қазақстанда судьялардың Әдеп кодексіне өзгеріс енгізіп, онда үшінші билік өкілдерінің әлеуметтік желіге тіркелу, пікір айту, дос таңдау, өз реакциясын білдіру тетіктері толық көрініс табуы тиіс деген ойдамын. Судьяларға әлеуметтік желілер қызметін пайдалану кезінде тек ақыл-ойды ғана емес, сонымен қатар Судьялық әдеп кодексінің бұзылмауы үшін нақты талаптарды басшылыққа алу қажет. 

Дәлел мен дәйек

Енді ұсынысымыз дәлелді болуы үшін басты дәйектерді тізбелеп көрейік.

Біріншіден, әлеуметтік желі – сот жұмысын насихаттаудың, ізденістері мен жетістіктерін көрсетудің құралы. Яғни, сот пен судьялардың әлеуметтік желілердегі қызметін біз қажеттілік деп бағалауымыз керек.  Соған орай, соттар мен судьялардың әлеуметтік желіге тіркеліп, өздеріне дос жинап, өз білімімен бөлісуі қоғамның, азаматтардың құқықтық сауатын көтеру үшін маңызды.

Екіншіден, әлеуметтік желі – сот пен халық арасын жалғайтын алтын көпір. Осы желілерді пайдалана отырып судьялар көпшіліктің сотқа қатысты назын, пікірін тыңдайды. Сонымен бірге, тікелей желі арқылы сұрақтарына жауап беруге мүмкіндік алады.

Дегенмен, осы жерде біз төмендегі мәселелердің басын ашып алуымыз керек. – Әлеуметтік желіге тіркелген судья парақшасына қызығушылық танытқан достарын қалай іріктейді?

– Олардың арасында судья жүргізетін процестің қатысушылары болса қандай амал жасау керек?

– Ал достыққа тек полиция, прокурор, адвокат секілді құқықтық алаңда жұмыс істейтін әріптестерге ғана рұқсат берілсе, бұл қарапайым халықты алалау болып шықпай ма? Судьяның жазбалары құқықтық сауат ашуға, соттағы соны істерді көрсетуге бағытталатыны белгілі. Бұл тақырып күштік құрылым қызметкерлері мен прокурор, адвокаттарға таңсық болмайтыны түсінікті. Яғни, судья парақшасын көретін адамдарға қандай да бір талап қою, егер олардың арасында процесс тараптары кездейсоқ кездессе, ол үшін судьяға жауаптылық белгілеу орынсыз болмақ. Сондықтан, бұл сұраққа қалайда ыждағатты түрде қарау керек.

Құқықтық сауатты көтеру – соттың басты міндеті

Ендігі бір сауал – Судьялардың өз жазбасында кім туралы, не жайында жазуы тиістігін де ашып көрсеткен орынды. Бұл жерде басымдық – халықтың құқықтық сауатын көтеретін мәселелерге берілуі керек. Сондай-ақ, судьялар жаңа заңдарға жан-жақты түсінік берсе, заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардан хабардар етсе халыққа әлдеқайда пайдалырақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырғандай «еститін мемлекет» қалыптастыру үшін судьялардың әлеуметтік желіде онлайн қабылдаулар өткізіп, көпшіліктен түскен сауалдарға жедел жауап беруіне де жол ашқан абзал. Жалпы, заңдарды өзге мамандардан гөрі, сол заңдармен тікелей жұмыс жүргізетін судьялардың жақсы, терең түсіндіретініне ешкім таласа қоймас.

Судья пікір білдіре ала ма?

Тағы бір назар аударатын мәселе – судьялардың өзге парақша иелерінің жазбасына пікір білдіруіне қатысты туындайды. Әлеуметтік желіде отырған соң судьялардың белгілі бір тақырыптарға орай өзіндік пікірі болатыны түсінікті. Бірақ, ол пікір «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңы мен Судьялық әдеп кодексіндегі судьяларға қойылатын талап шеңберінен шықпауы тиіс. Ал заңда: «Судьялар партияларға, кәсiптiк одақтарға кiре алмайды, қандай да бiр саяси партияны қолдап немесе оған қарсы сөз сөйлеуiне болмайды» деп дәйектелген. Яғни, судья да өзіне тыйым салынған, шектеу қойылған тақырыптарды талқылаудан, саяси партиялар мен кәсіподаққа қатысты пікірталастан бойын аулақ ұстауға тиіс. Бұл да өз кезегінде Әдеп кодексіне сұранып тұрған өзгерістер.

Келесі түйткіл – әлеуметтік желідегі жазбаларға судьялардың өз реакциясын білдіруіне байланысты туындайды. Бұл жерде де судьяға жоғарыдағы кәсіби заңнамаларда қамтылған шектеулерден шықпау парыз.

Айталық, судья өзі қарап жатқан істегі тараптың бірінің жазбасына, немесе адвокатының пікіріне бас бармағын шошайтып қолдау білдірсе, оның қай тарапқа көңілі бұратыны білініп қалады.

Ал еліміздегі Азаматтық процестік кодекстің 13-бабында жұрттың бәрінің заң мен сот алдындағы теңдігіне кепілдік берілген. Осыған орай, судьялардың заңдар мен заң жобаларына, сот саласындағы реформалар мен бастамалардан басқа тақырып, жазбаларға өзіндік пікірін білдіруіне арнайы заңдық шектеу қойған дұрыс деген ойдамын.

Әр сөздің салмағы бар

Әлеуметтік желідегі іс-әрекетінде де судья әдептіліктің, сауаттылықтың, терең білімділіктің, кәсіби шеберліктің үлгісі болуы тиіс. Сонымен бірге, қарапайым азаматтармен ашық диалогқа түскен кезде көркем мінез бен сабырлық сақтауы кезек күттірмейді. Әлеуметтік желілерде соттармен судьяларға теріс пікір білдіріп, дәлелденбеген, нақтыланбаған деректерін көпшілікке таңғысы келетіндер аз емес. Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов «Ит мені қапты деп, оны қапсам, адамдық аузымда не қасиет қалады» деген екен. Неше уақыт өтсе де мағынасы мен мәнін жоғалтпаған осы сөз ел алдында жүрген азаматтардың бәрінің қаперінде тұрғаны орынды. Судья да пікірталаста өзінен білімі мен танымы төмен азаматтардың деңгейіне түспеуге тырысуы керек. Әр сөзді жазарда оның жауаптылығын ойлау кезек күттірмейді.

Әлеуметтік желі жағымды, жағымсыз ақпаратқа, түрлі контентке толы. Оларды көруге, қарауға, ой түюге әркімнің қақысы бар. Тек сол өзі көрген ақпаратты бөлісер кезде де судьяда жауаптылық болғаны жөн. Судьяның ел ішінде беделі биік, абыройы жоғары болғандықтан, оның ұсынған, бөліскен ақпаратын азаматтар талғаусыз қабылдауы мүмкін. Судья бөліскен ақпаратты ол да ары қарай біраз адамға бөлісіп, көпшілік сеніміне ие болу үшін судьяның атын пайдалануы әбден мүмкін. Соған орай, судьяның өзі бөлесітен ақпаратының шынайылығына, пайдалы екеніне көз жеткізіп, күмәнді дүниеге сақ қарағаны абзал.

Өкінішке орай, қолданыстағы әдеп нормаларында судьяның әлеуметтік желідегі әрекетінің құқықтық қыры ашып көрсетілмеген. Судьяның әлеуметтік желідегі белсенділігі соттың ашықтығын арттырады дегенімізбен, оның заңдық тетіктерін нақтылап алу кезек күттірмейді.

Алмаз Әсенғазы