Судың тарифін негізсіз қымбаттатқан кәсіпорын анықталды
Тұтынылған судың әр м3 үшін 1318 теңге алып келген
СҚО прокуратурасының мәліметінше, Мамлютка ауданының коммуналдық кәсіпорны тарифтерді белгілеу талаптарын бұзған. Осылайша кәсіпкерлерден бюджеттік ұйымдарға бекітілген бағамен, яғни тұтынылған судың әр м3 үшін 1318 теңге алып келген. Қадағалаушы орган жергілікті кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, судың бағасын төмендетті.
«Ұсынысты қарау қорытындысы бойынша кінәлілер жауапкершілікке тартылып, облыстың табиғи монополияларды реттеу басқармасы 1 шілдеден бастап тұрғындарға 1 м3 үшін 190-нан 99,24 теңгеге дейін, ал басқа тұтынушыларға 1318,72-ден 688,81 теңгеге дейін түсіріп, су тарифін бекітті. Бұл уақытша өтемақы тарифі болып есептеледі. Қабылданған қадағалау шаралары Мамлютка қаласы тұрғындарының, оның ішінде жергілікті кәсіпкерлердің құқығын қорғауға мүмкіндік берді», - делінген баспасөз хабарламасында.
Осылайша коммуналдық кәсіпорын негізсіз алынған қаржыны тұтынушыларға төмендетілген тарифті қолдану арқылы қайтармақ.
Фото: ulysmedia.kz