Таза ауыз сумен қамту 90 пайыздан асты

Бұған дейін облыс тұрғындарын ауыз сумен жабдықтау тәулігіне орташа есеппен 150 000 текше метрді құраған, биыл бұл көрсеткіш 200 000 текше метрге дейін өсті

Malim Админ

  • 19.09.2024

Мемлекет өңірлерді дамытуға баса мән беріп отыр. Әсіресе, жолды жасау, таза ауыз сумен қамту, әлеуметтік нысандарды қайта құрылымдап, заманауи жабдықтау басты назарда. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстанда ел тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға негізделген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бекітілген болатын.

Жетісу облысында 358 елді мекеннің 325-і орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Қалған 32-сі кезегін күтіп отыр. Бұл облыста ауызсумен қамтылу көрсеткіші - 90,7%.

Биыл орталықтандырылған су желісіне қосылмаған 20 елді мекен таза суға қол жеткізбек. Осыйлайша, 2025 жылға қарай облыстағы сумен қамтылу көрсеткіші 92,4% жетеді деп жоспарланған.

Павлодар облысында да биыл ауылдарды сумен қамту бойынша 16 жоба жүзеге асырылып жатыр. Халықты таза ауызсумен қамту көрсеткіші 92 пайызды құрап отыр. Өңірде жалпы саны 352 елді мекен бар болса, соның 224-і орталықтандырылған таза ауыз суға қосылған. Ал болашағы жоқ 28 ауылға ауызсу құбырын тару мүлдем қарастырылмаған. Бұған халық санының 500 адамнан кем болуы себеп.

Биыл 16 ауылға су құбыры тартылады. Бұл мақсаттарға 2,2 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде өңірдегі сумен қамту көрсеткіші 99,3 пайызға жетеді деп жоспарланған.

Маңғыстауда ауыз су мәселесі өте өзекті. Өңірде  су болғанымен көбі ішуге жарамсыз,  тұзы көп ащы су. Бұған дейін облыс тұрғындарын ауыз сумен жабдықтау тәулігіне орташа есеппен 150 000 текше метрді құраған, биыл бұл көрсеткіш 200 000 текше метрге дейін өсті.

Ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу мақсатында 2025 жылға дейін су тұшытудың жалпы қуаты тәулігіне 200 мың текше метрге жуық 7 жобаны іске асыру жоспарланған.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін өңірде қуаттылығы тәулігіне 140 500 м3 болатын 9 су тұщыту зауыты мен қондырғылар құрылысы және 1 магистралдық су құбырын қайта жаңарту және кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл Ф.Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр, "МАЭК" аумағында 24 мың текше метр және Кендірлі аймағында 50 мың текше метр су тұшыту қондырғыларын салу жұмыстары басталады.

Шымкент қаласында қазіргі таңда 81 елдімекеннің 80-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 1 елдімекен кестемен (Құрсай) қамтамасыз етілуде. 2023 жылы 6 нысанның (Құрсай 1,2-кезек, Қайнарбұлақ, Сайрам 1,2 және 3-кезек, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс) құрылыс жұмыстарына 9,5 млрд теңге бөлініп, жыл қорытындысымен Қайнарбұлақ тұрғын алабы және Еңбекші ауданы бойынша 7 елді мекеннің жаңа құрылыс аумақтарында ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде, 37 мыңға жуық адам ауыз су жүйесіне қосылып, елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі 98,5%-дан 99%-ға өсті. Сонымен қатар, 2024 жылы Құрсай, Қайтпас-1, және Бозарық тұрғын алабының жаңа құрылыс аумақтарын ауыз сумен толық қамту жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар толық үзеге асырылған соң елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі 100% құрайды.

 

Фото интернеттен алынды