Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етті

Бүгін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні, деп хабарлайды Malim.kz.
Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барып, гүл шоғын қойды.
Мемлекет басшысы боздақтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мемлекет басшысы зұлмат жылдарда жазықсыз жапа шеккен миллиондаған адамды еске алып, олардың рухына тағзым ету – тарихи әділеттілік пен ұлт жады үшін маңызды екенін атап өтті.
«Біз жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Зұлмат заманда қаза болған жандардың рухына тағзым етеміз», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, өткен ғасырда Кеңес Одағына қарасты көптеген халықпен бірге қазақ елі де ауыр тауқыметке ұшырады. Күштеп ұжымдастыру кезінде халық мал-мүлкінен айырылып, ашаршылықтан миллиондаған адам көз жұмды. Мыңдаған азамат шетел асып, босқынға айналды.
«Сталиндік репрессия кезінде ұлтымыздың зиялылары, көзі ашық, білімді азаматтар жаппай қуғынға ұшырады. Мыңдаған адам “халық жауы” атанып, сотсыз атылды. Ұлтымыз аз ғана уақыт ішінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сияқты мыңдаған ең асыл перзенттерінен айырылды», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент бұл тарихи қасіреттерді еске алу – ұрпақ санасына әділеттіліктің, еркіндіктің және адам құқықтарының құндылығын сіңіру үшін қажет екенін баса айтты.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан аумағында ГУЛАГ жүйесінің 11 лагері болған. Солардың бірі – «АЛЖИР» – нәубет жылдардың ең қасіретті ескерткіштерінің бірі.
«“АЛЖИР” – дәл сондай қасіретті жердің бірі. Мұнда жазықсыз жала жабылған 8 мыңға жуық әйел қамауда отырып шыққан. Олардың арасында Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сынды әйгілі тұлғалардың жұбайлары бар. АЛЖИР азабын көрген жандардың ұрпақтары қазір ортамызда отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Ақорда

Самое читаемое
