Тұрғын үйдегі өрт кезінде қалай сақтанған жөн?
Елімізде жылына 10 мыңнан аса өрт болып, 300-ге жуық адам қайтыс болады екен. Биыл 7560 өрт оқиғасы тіркеліп, 229 адам қаза тапқан. Өкініштісі, былтырмен салыстырғанда өрт 6,8 пайызға, кісі өлімі 6,5 пайызға өскен.

Тұрғын үйдегі өрт: Асқардың ерлігін ел ұмытпайды
Қазір қалаларда биік-биік ғимараттардан өрт шығатын оқиғалар жиі кездеседі. Бүкіл әлемде солай. Елімізде де ондай жайттар аз тіркелмейді. Өрттен қаза табатын кісілердің басым бөлігі тұрғын үйлердегі өрттерден болады екен.
Тұрғын үйлердегі өрттердің шығу себебі әрқилы. Жеке секторларда, жер үйлерде көбінесе газдан, оттан өрт шығып жатады. Электр сымдарының тұйықталуынан да болады. Тұрғын үйлердегі өрт мезгіл таңдамайды. Жерүйлерде негізінен қыс мезгілінде болса, көп қабатты үйлерде кез келген мезгілде өрт болуы әбден мүмкін.
Сондай сәттің бірі Астанада болды. Бұл халық қаһарманы, өз өмірін қиып, бес адамды ажалдан құтқарған Асқар Забикулин болатын. 2022 жылғы 16 қарашада Астанадағы «Қаһарман» тұрғын үй кешенінде болған өртті сөндіруге қатысқан. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері өрттен бес адамды, оның ішінде бір баланы алып шықты. Өрт ішінде қалған адамдарға көмектесу үшін Асқар Забикулин комбинезонын шешіп, жанып жатқан пәтерге терезе арқылы кірген. Ол қарт әйелді, оның немересін және 10 жасар баланы аман алып қалды. Өрт сөндірушіні күйік шалып, 20 қарашада ауруханада көз жұмды. Бұл оқиға ел есінен кетпейді. Батыр туралы арнайы сериал түсіріліп, Есіл ауданындағы көшеге Асқар Забикулин есімі берілді. Ондай оқиғалар елімізде аз емес.
Асқар жанып тұрған пәтерге тереземен кіріп, қарт адамды да, балаларды да құтқарды. Ол өз артына өшпес із, даңқ қалдырды. Тұрғын үйлерде болатын өрттен адамдарды құтқарған Асқар секілді арда азаматтар ел есінен ұмытылмақ емес.
Тұрғын үйдегі өрттің себептері көп
Қабат үйлерде көп жағдайда электр сымдарының тұйықталуынан тұтанып жатады. Қым-қиғаш кабелдерді тарту өте біліктілікті қажет етеді. Кішкентай ақау үлкен өртке себеп болады. Сондықтан жеке үйлерді ремонттаған кезде кәсіби электриктердің қызметіне жүгінген абзал. Электр сымдары мен жарық қосқыш, қуаттағыш нүктелердің құралдарын жақсысынан, сапалысынан таңдау да маңызды. Арзан заттар еріп, жарық қуатына шыдас бермей, өрт тұтануына жол ашып жатады. Оны болдырмау үшін үйіңізде сақтандырғыш тетіктерді орналастырған дұрыс.
Содан кейін үй техникаларын дұрыс пайдалану өте маңызды. Үтіктің немесе токке қосылатын кез келген техниканың дұрыс пайдаланылмауынан өрт тұтанып кетеді. Телефон қуаттағыштың қызунан да өрт болған мысалдар кезігеді.
Қабат үйлерде бір үйден шыққан өрт тұтас ғимаратқа тарап кету ықтималдығы жоғары. Қарапайым ережелердің сақталмауынан ондаған отбасы зардап шегіп, тіпті адам өлімі де тіркеліп жатады. Биік ғимараттарда өртті сөнідру, адамдарды құтқарау өте қиын жағдай. ТЖМ өкілдері өрт қауіпсіздігін сақтауды құрылыс компанияларынан талап еткенімен, кейбір салғырттық кесірінен туындайтын келеңсіздіктердің азаймай тұрғанын айтады.
Өрттен сақтансаң сақтайды
Төтенше жағдайлар министрлігі жыл сайын өрттен сақтанудың жолдарын үйрететін түрлі іс-шаралар өткізіп келеді. Адамдардың біліксіздігі мен немқұрайлығынан өрттің тұтану себептері жиілеп кеткеніне алаңдайды. Өрт кезінде ең бірінші адамдарды құтқару маңызды дейді олар. Ол үшін тұрғындардың өздері де қарапайым ережелерді білуі керек.
Өрт шыққан жағдайда ең алдымен 101 нөміріне хабарласу керек. Оларға өрттің қай жерде, қашан, неден басталғанын нақты сипаттап айтқан жөн.
Егер телефон арқылы хабарлауға, үйден шығуға мүмкіндік болмаса, терезені ашып көршілерге, көшедегі адамдарға айғайлап, көмек сұраған жөн. Қолдан келгенше, өрттің болғанын айналадағы көп адам білсе, қауіп-қатердің алдын алуға пайдасы тиеді.
Қолыңыздан келгенше адамдарды, әсіресе балалар мен қарттарды, жануарларды, құнды заттарды қауіпсіз жерге жеткізуге тырысыңыз.
Адамдар көбінесе оттан емес, түтіннен, ыстан қаза болып жатады. Сондықтан, еденге жатып, түтін-ыс тимейтін жерге жетіп, аузыңыз бен мұрныңызды ылғал орамалмен қорғаңыз.
Өртті сөндіруге мүмкіндігіңіз жетпейтінін білсеңіз, өз бетіңізше әрекет етпей, ТЖМ-ға хабарласып, өз басыңыздың амандығын қорғаңыз.
Әр үйде өрт сөндіру құррылғылары мен қажетті заттардың болғаны жөн.
А.Күнтуған