ТЖМ тасқын салдарымен күрес шараларынан хабардар етті
Уақытша орналасу пункттерінде әлі де 5 мыңнан аса адам бар
Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқыны салдарымен қалай күресіп жатқанын хабарлады. Өткен тәулікте Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында 442 жеке тұрғын үй мен 92 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. Су басқан 342 үй мен 272 аула аумағында су сору жұмыстары жалғасып жатыр. Барлығы 365 200 текше метр су сорылды. Күн сайын дронды қолдана отырып, су басқан аумақтарға аэровизуалды тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды Malim kz.
Атырау облысының Құлсары қаласында су басқан 14 үйден су сору жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен тәулікте 206 850 текше метр су сорылды. Жайық өзенінің су деңгейіне мониторнинг жүргізіліп отыр. Жағдай бақылауда. Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында 1,7 шақырым бөген салу қалды. Сонымен қатар, салынған бөгендерді қосымша нығайту жұмыстары жүргізілді, жұмыстар жалғаса береді.
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарында бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен тәулікте 3 200 қапшық пен 217 тонна инертті материал төселді.
Республика бойынша 18 332 млн текше метр еріген қар суы сорылып, 10 969 тұрғын үй мен 3 350 аула аумағынан судың бағыты бұрылды.
54 389 адам өз үйлеріне оралды. Уақытша орналасу пункттерінде 5 291 адам қалды.
Апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 7 935 адам, 1 035 техника, 293 су сору құралы және 60 жүзу құралы, 10 әуе кемесі жұмылдырылды.
Құрғатылған үйлер мен аумақтарда дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Республикалық және облыстық жедел штабтар жұмысын жалғастыра береді.
Фото: ТЖМ