457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

ҰБТ-2025: 210 мыңнан астам талапкер тест тапсырды

Қазақстанда 2025 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуді 210 мыңнан астам талапкер тапсырды. Олардың 76,5%-ы тесті қазақ тілінде, 23,5%-ы орыс тілінде, ал 149 адам ағылшын тілінде тапсырған.

Биыл талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысуға мүмкіндік берілді. Соның нәтижесінде тестілеу 381 мың рет өткізілді.

Қорытынды бойынша 161 мыңға жуық талапкер шекті балл жинап, бұл жалпы қатысушылардың 76%-ын құрады. ҰБТ-ның бес пән бойынша орташа балы – 69. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл, оны Түркістан облысының түлегі Әбілхан Жәнібек алғашқы аптада жинады. Сонымен қатар 598 талапкер 130 балдан жоғары нәтиже көрсетті.

Ерекше білім беру қажеттілігі бар 681 талапкерге қолайлы жағдай жасалып, олар да ҰБТ-ға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Электронды форматта өткен тестілеу апелляциялық шағымдарды да жеңілдетті. Талапкерлерден 92 мыңнан астам апелляция өтініші келіп түсті, олардың ішінде 104 бірегей тест тапсырмасына қатысты шағымдар қанағаттандырылды. Республикалық комиссия жұмысын аяқтап, талапкерлердің нәтижелері жеке кабинеттерінде қолжетімді болды.

Алайда тестілеу барысында 711 ереже бұзушылық тіркелді. Тыйым салынған құрылғылар – смартфон, смарт-сағат, микроқұлаққап пен шпаргалка алып өтпек болған 326 талапкер тест тапсыру құқығынан айырылды. 380 қатысушы аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды қарап шығу барысында тағы 5 талапкердің нәтижесі күшін жойды.

ҰБТ өткізу барысындағы бейнематериалдарды тексеру 2025 жылғы 31 қазанға дейін жалғасады. Бұл процестің мақсаты – нәтижелердің әділдігі мен ашықтығын толық қамтамасыз ету.

Ғылым және жоғары білім министрлігі тестілеуге жауапкершілікпен қарап, ережелерді сақтаған талапкерлерге алғыс айтып, алдағы ЖОО-ға түсу кезеңінде сәттілік тіледі.

Фото: instagram/bilim_jane_gylym