«Жағдай қайталанбайды». Депутат Шаталов сүрінгенін қазақша мойындады
Осы уақытқа дейін мені «ватник», «шетелдік агент», «прокремльшіл» деп те атады

Мәжіліс депутаты Владислав Шаталов өзіне қатысты «кемсіту» бар екенін мәлімдеп, бұл жағдайды өзінің «этникалық орыстығына» қатысты екенін айтты. Сонымен қатар өзін қазақ санайтынын мәлімдеді.
Бәріміз қазақпыз ғой! Маған қатысты айтылып жатқан сөздердің барлығына бір-ақ нәрсе айтқым келеді: мен өзімді қазаққа қарағанда орыс деп санамаймын, керісінше, мен үшін қазақ екенім – басты болмысым. Бірақ осы уақытқа дейін мені «ватник», «шетелдік агент», «прокремльшіл» деп те атады. Бұлардың ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Менің өткір мәселелерге қатысты ұстанымдарымды мұқият қарап шығуға шақырамын. Соңғы уақытта мен туралы түрлі алып-қашпа әңгімелер тарады: бірі менің өмірбаянымда туған жерімді Қазақ КСР деп әдейі көрсеткенімді айтса, енді бірі ресейлік БАҚ менің сөздерімді контекстен жұлып алып, оларға мүлде басқа мағына беріп жатқанын алға тартады. Менің соңғы пікірімді әртүрлі түсінуге болатынын мойындаймын, бұл – менің қателігім. Бірақ оны толық оқымай немесе тыңдамай тұрып, тұжырым жасау дұрыс емес", - деп жазды Шаталов бейсенбіде өзінің Telegram арнасында.
Оның пікірінше, қазір әлеуметтік желілерде таралып жатқан айыптаулардың ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Бірақ бұлардың астарында ашық манипуляциялар мен ақпараттық шабуылдар жатыр.
Мен бұл әрекеттермен Мәжілістегі жұмысым басталғалы бері күресіп келемін, әрі бұл жолы да үнсіз қалмаймын. Мен Тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келдім. Кеңес Одағы жоқ болатын, оған шүкір. Осы елде өстім, отбасын құрдым, балаларымды тәрбиелеп отырмын. Басқа Отаным болған емес, болмайды да. «Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ» дейді. Осы жағдайдың қайталанбайтынына сендіргім келеді», – деп жазды депутат.
Фото: parlam.kz