Жанабыловтар ісі: Блогерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

11 автокөлікті ұтысқа қойып, курс сатқан блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов хабарлады.
– Ол материалдар бізге түсті. Қазір қылмыстық істі тіркедік. ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы 1-бөлігі – заңсыз кәсіпкерлік фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Нәтижесін қосымша хабарлаймыз, – деді Ж.Елеемесов Сенат кулуарында.
Агенттік өкілінің айтуынша, блогергеге қатысты әлі ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ.
Сонымен бірге, блогерлердің ел аумағында екені айтылды.
Еске сала кетсек, желіде бірнеше автокөлік ұтысын жариялаған қазақстандық блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова әрекетін Туризм және спорт министрлігі назарына алды. Кейін іс сотқа жеткен еді.
Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетінің өкілдері блогер Ерболат Жанабылов жариялаған курс бағасы негізсіз қымбат екенін мәлімдеді.
Фото: instagram.com/zhanabylov_e