Жер саясаты және инвестиция: Ұлттық мүддені кім қорғайды?
Өзгерістер 20 сәуірден бастап күшіне енбек

2025 жылғы 3 сәуірде ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұйрығымен инвестициялық жобаларға мемлекеттік жер телімдерін беру ережелеріне өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер 20 сәуірден бастап күшіне енбек.
Жаңа тәртіпке сәйкес, егер инвестор жобасын инвестициялық деп таныта алса, онда оған мемлекеттік жер телімін тікелей әкімдік арқылы алуға жол ашылады.
Бір қарағанда, бұл – шетелдік және отандық капиталды тартуға бағытталған оң қадам сияқты. Алайда тереңірек үңілсек, бұл өзгерістер елдің ішкі саяси тұрақтылығына, ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жерге деген көзқарасына үлкен сынақ болғалы тұр.
Мен бұл өзгерістерді оқып шықтым, енді олар мемлекеттегі саяси басқару жүйесіне, ұлттық қауіпсіздік пен мүддеге, егемендікке және халықтың сеніміне төнуі мүмкін саяси және экономикалық қауіп-қатерлер туралы ойларымды айтып өтейін.
1. Жер – тек экономикалық ресурс емес, ол – ұлттық мүдде
Қазақстан үшін жер – экономикалық емес, ең алдымен ұлттық, рухани және тарихи құндылық. Сондықтан оған қатысты кез келген реформа мен заңнамалық өзгерістер аса сақтықпен және қоғаммен кеңесе отырып қабылдануы тиіс.
Жаңа ережеде инвестициялық жоба деп тану үшін:
• Жобаның бағыты үкімет белгілеген приоритетті салада болуы,
• Инвестиция көлемі кемінде 150 000 АЕК (2025 жылы 589,8 млн теңге),
• Жер телімінің кадастрлық құны жобаның жалпы құнының 20%-ынан аспауы сынды талаптар қойылған.
Мұндай қаржылық талап еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлер үшін тым жоғары. Бұл талаптар жерге тек ірі капитал иелерінің ғана қол жеткізуіне жол ашып, ал қарапайым кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар шетте қалып қалмай ма? Онда бұл реформа кімнің мүддесіне қызмет етеді?
2. Ұлттық мүдде мен жер мәселесінің саясилануы - ұлттық қауіпсіздікке төнетін тікелей қатер емес пе?
Егер “инвестициялық жоба” деген желеумен шетелдік инвесторлар, әсіресе трансұлттық корпорациялар немесе басқа елдердің мүддесін көздейтін құрылымдар стратегиялық маңызы бар аймақтардан жер алса, бұл – ұлттық қауіпсіздікке төнетін тікелей қатер емес пе?
Қазіргі ережеде мұндай жағдайларды Сыртқы істер, Қорғаныс немесе ҰҚК секілді құрылымдардың сараптауына міндетті түрде ұсыну қарастырылмаған. Бұл – аса осал тұс.
Бүгін жер – инвестиция, ертең ол саяси қысым мен геосаяси сауда құралына айналып кетпесіне кім кепіл?
3. Халықтың сенімі мен әлеуметтік тұрақтылық – жер мәселесінің саясилануы және әділетсіз шешімдер қабылдануы азаматтық наразылықтың күшеюіне алып келмей ме?
Жер беру тетіктері акимат пен өңірлік үйлестіру кеңестерінің құзырында. Бұл демократиялық децентрализация сияқты көрінгенімен, шын мәнінде биліктің төменгі сатыдағы элиталар қолына шоғырлануына алып келуі мүмкін. Өңірлік билік өкілдерінің кейде жеке, топтық немесе сыбайлас мүдделерді алға қою қаупі бар.
Ол қандай қауіп:
• Жергілікті элиталардың саяси-экономикалық үстемдігі күшейіп, “жер үшін тартыс” туындауы.
• Қарапайым азаматтардың жер ресурстарына қол жеткізу мүмкіндігінің шектелуі.
4. Халықтың сенімі мен әлеуметтік тұрақтылық – жер мәселесінің саясилануы және әділетсіз шешімдер қабылдануы азаматтық наразылықтың күшеюіне апармай ма?
Халық арасында жер мәселесі — өте сезімтал тақырып. Әсіресе ауылдық өңірлерде бұл — күнкөріс пен тіршіліктің негізі. Егер қоғамда жер шетелдік немесе олигархтық топтардың меншігіне өтіп жатыр деген түсінік қалыптасса, бұл наразылықтың ұлғаюына, азаматтық сенімнің төмендеуіне, ал кей жағдайда жаппай әлеуметтік толқуларға алып келуі мүмкін.
Қандай қауіп?
• “Жер сатылып жатыр” деген ұранмен ішкі саяси толқулардың туындауы.
• Билік пен халық арасындағы сенім дағдарысының тереңдеуі.
Негізгі айтайын дегенім…
Қазақстан үшін инвестиция тарту — экономиканы әртараптандыру мен жаңа жұмыс орындарын ашудың маңызды құралы. Инвесторларға жол ашу, оларға қажетті жағдай жасау – заманауи мемлекеттің даму талабы. Алайда бұл процесс ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік тәуелсіздік мүдделеріне сай жүзеге асырылуы шарт.
Әсіресе, жер мәселесінде аса сақтық қажет.
Жер – жай ғана экономикалық ресурс емес, ол – ұлттың болашағы, тұтастығы мен егемендігінің негізі. Инвестиция тартамыз деп жүріп, стратегиялық аймақтар мен шекара маңындағы жерлерді бақылаудан шығарып алсақ, оның зардабы кейін өте ауыр болуы мүмкін.
Сондықтан жер ресурстарын беру процесі толық ашық, қоғамдық бақылауда және құқықтық әділет принциптерімен реттелуі тиіс. Кез келген өзгеріс халықтың сеніміне селкеу түсірмеуі керек. Елдің болашағына жауапкершілікпен қарау – баршамыздың ортақ парызымыз.
Ерлан Жұрынбаев, сарапшы
Фото: ardak.kz