Абай облысының экс-әкімі Ұранхаев жаңа лауазымға тағайындалды

Абай облысының экс-әкімі Нұрлан Ұранхаев премьер-министрдің кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл ақпаратты Үкімет растады, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Хабарламада Ұранхаевтың өнеркәсіп пен құрылыс саласына жетекшілік ететіні айтылған.
Нұрлан Ұранхаев жоғары білімді Қазақ политехникалық институтында (инженер-механик) алған. Сондай-ақ, Қазақ қаржы-экономикалық институтын (экономист-менеджер) және Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін (инженер-құрылысшы) тәмамдаған.
Еңбек жолын 1987 жылы "Казпромтехмонтаж" тресінде слесарь-монтажшы болып бастаған. 1990 жылы "Зергер" өнеркәсіптік-қаржылық корпорациясын басқарған, кейін "Аққус" АҚ-ның басшысы, "Сары-Арқа" АҚ-ның сенімді басқарушысы, "Сұңқар" ЖШС президенті және "Казиркутсклес" бірлескен кәсіпорнының бас директоры болған.
2003 жылы ШҚО-ның энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және көлік басқармасының басшысы болып тағайындалған. Кейіннен құрылыс басқармасын басқарған. 2006–2007 жылдары ШҚО әкімінің орынбасары қызметін атқарған (ол кезде облысты Виктор Храпунов басқарған).
Кейін ТЖМ-да Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті төрағасының орынбасары, одан кейін премьер-министр Кеңсесіне жұмысқа ауысады. 2009 жылы Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, кейін "Ертіс" ӘКК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары болған.
2010–2013 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары (облысты Болатбек Қуандықов басқарған). Кейін ҚР Тұтынушылар құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
2015 жылы "ҚазҚСҒЗИ" АҚ-ны басқарған. 2017 жылы Алматы қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы, ал 2019 жылы Астанада да осы қызметке келген.
2022 жылғы 11 маусымда Абай облысының әкімі болып тағайындалды. 2025 жылғы 14 ақпанда бұл қызметтен босатылды. Оның орнына Президенттің бұрынғы кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли облыс әкімі болып тағайындалды.
БАҚ деректеріне сүйенсек, Нұрлан Ұранхаев "Елімай" футбол клубын басқарған.
Фото: Баспасөз архивінен