Алматы митингі: Несиелік амнистия һәм бойкот
Бүгін Алматыдағы Шоқан Уәлиханов алаңында тіркелмеген Демокаратиялық партия және «Халық билігі» қозғалысының ұйымдастыруымен митинг өтті.
Бұл митингтің өтуіне билік рұқсат бергендіктен жуырда ғана қабылданған заң талаптарына сәйкес іс-шарада қауіпсіздік шаралары толық сақталып, көлік жүрісіне уақытша тосқауыл қойылды.
Сондай-ақ, пандемия қауіп-қатері де ескеріліп, азаматтардың амандығы үшін санитарлық жабдықтар қойылды. Қол шаятын антисепиктермен бірге медициналық маскалар да ескеріліпті.
Коронавирустен сақтық үшін әлеуметтік арақашықтық та белгіленді. Құдай керек қылмасын десе де, азаматтардың денсаулығына алаңдаған жеделжәрдем де дайын тұрды.
Митингке келушілер қажет етіп жатса, қиналып қалмасын деген ниетпен көшпелі дәретхана қойылыпты.
Митингті ұйымдастыру мен өту тәртібіне қатысты қабылданған жаңа заңда журналистердің жиналатын орыны да қарастырылған еді, заңның ол талабы ұмыт қалмапты.
Осылайша заң аясында бар жағдайы жасалған митингке қатысушылар «саяси тұтқындарға бостандық», «парламент сайлауына бойкот», «несиелік амнистия» деп ұрандатып, билікті сынады.
Митингті Демпартия ұйымдастыру тобының жетекшісі Жанболат Мамай бастады. Ол осы уақытқа дейін жұмбақ жағдайда қаза болған саясаткерлер мен белсенділердің атын атап, барлығының өліміне биліктің кінәлі екенін айтты.
«Кеше, 12 қараша күні осыдан 15 жыл бұрын мына биліктің қолынан белгілі, көрнекті қоғам қайраткері, мемлекет қайраткері Заманбек Нұрқаділов қаза тапты. "Өз-өзіне үш рет оқ атты" дейді. Өтірік қой, оған кім сенеді. Ол - биліктің қолынан қаза тапқан адам. Одан кейін үш ай өтпей жатып белгілі, көрнекті қоғам қайраткері, мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбаев пен оның серіктері қаза тапты. Одан кейін 2011 жылы Жаңаөзен қырғыны болды. Полиция қызметкерлері автоматпен, пистолетпен бейбіт мұнайшыларды оқ атып қырып салды деп айтуға болады. Одан кейін сол сотта шындықты айтқаны үшін жас жігіт Александр Боженко қайтыс болды. Пышақтап кетті көшеде. Ол да - биліктің құрбаны. Одан кейін былтыр астананың түрмесінде Дулат Ағаділ қайтыс болды. Ол далада не үйде қайтыс болған жоқ, түрмеде, полиция жауапты мемлекеттік мекемеде қайтыс болды. Яғни оның өліміне де билік кінәл», - деді Мамай.
Өз кезегінде журналист Гүлжан Ерғалиева осы уақытқа дейін құрылған саяси жүйе халықтың сайлау құқығын шектеп отырғанын, сайлау туралы заңды өзгерту керектігін айтты.
– Билік Қосановтардың көмегімен бүкіл елді алдап келді. 25 жыл бойында Қазақстанда бірде-бір таза, адал сайлау болған жоқ. Оппозицияға берілген дауысты ұрлап, демократияны әбден аяққа таптады. Ондай билікке ешқандай сенім жоқ. Енді не істейміз? Біріншіден, елдің бірлігі керек. Екіншіден, осы саяси заңдарды ауыстыру керек. Егер билік осыған көнбесе, алда болатын сайлауды ескіше өткізсе, сонда халық осындай өтірік сайлауға бойкот жариялауы тиіс,– деді ол.
Митингіге шамамен 150-200-ге жуық адам қатысты. Бұл митингіні де өткіздік деген ұйымдастырушылар енді желтоқсанның 16-ы және сайлау күні (қаңтардың 10-ы күні-ред) тағы да митингке шығатындарын мәлімдеді.
Митингке дейін Алматыда журналист Ермұрат Бапиді полиция ұсталғаны туралы айтылды. Кейіннен оның босатылғаны хабарланды.