Ахметбеков сынайды, Тоғжанов мақтайды – Рахымбаев жаңа биліктің тілін тауыпты
Назарбаев дәуірінде тасы өрге домалаған Қазақстандағы 17-ші миллиардер Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтар отбасынан толықтай бас тартып, басын арашалап алды. Ол енді Тоқаевтың Жаңа Қазақстанының құрылысын жүргізумен айналысады.

Фото: Ғазиз ШАКИРОВ
Айдын Рахымбаев енді университет салмақ. Анау-мынау емес, Мичиган университетінің Қазақстандағы кампусы.
Соңғы кездері БАҚ-та, қоғамда жиі сөз болып, алпауыт BI GROUP компаниясы әне жабылады, міне жабылады деп жүргенде, ол атақты шетелдік университеттің Қазақстандағы филиалының құрылысын салайын деп жатыр деген ақпарат шықты. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастап, компания төрағасы Айдын Рахымбаев қостап, бүгін атақты университеттің Қазақстандағы алғашқы кірпішін қалап тастады.
Осы жетістігі арқылы салықтан жалтарды, короновирус кезінде республика бойынша салынған әр аймақтағы госпитальдар мен BINOM мектептерінің құрылысы кезінде мемлекет қаржысын талан-таражға түсірді деген күдік айтылып жатқанда; «Назарбаев кланының өкілі» көптеген жауапкершіліктен құтылып кете береді, уәдесін орындамайды, тапсырыспен сұхбат береді, популизммен айналысады, көлеңкелі құрылысшы сияқты жағымсыз образ жиі таңылып жатқанда, BI GROUP-тың қожайыны үкіметтің тағы бір жобасын ұтып алып, өзінің әлі «алысқа шабатынын», Тоқаев билігінің де тілін тапқанын көрсетті.
Рахымбаевтың компаниясы дауға былтырдан бері жиі іліне бастады. Бұл Қаңтар оқиғасынан кейін тіпті күшейе түсті. Алдымен компанияның бір жыл төрт ай ішінде 1 млрд теңгеге жуық салықтан жалтарғаны айтылды, артынша, оны мемлекет өндіріп алды деді. Рахымбаев бұған қатысты BI-дың Қазақстандағы ең көп салық төлейтін компания екенін айтып, ақталып әлек болғанмен, компанияға бір тықыр таянғаны анық байқалған.
Осы көктемде ғана мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков Рахымбаевтың компаниясына қатысты үкіметке сауал жолдап, жанған отқа май құя түсті. Ахметбеков бастаған депутаттар өз сауалында компанияның Қазақстандағы құрылыс саласын монополиялап алғанын, мемлекеттік бюджет есебінен алып-сатарлықпен айналысқанын, бұзылған ғимараттардың ескі құрылыс материалдарын пайдаланатынын, т.б. көптеген айыптар тағып, жіті тексеріс жүргізуді ұсынған.
«Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы тұрғын үй нарығы тым маргиналды болып қала бергенімен, холдинг негізінен сонда қалуды жөн көреді. Әсіресе, Астананың сол жағалауындағы жердің көп бөлігі әкімшілік ресурстар есебінен BI-ге берілген. Оның үстіне компанияның өзі бұл жер телімдерінің кей жерлерінде құрылыс жүргізбей, алыпсатарлық жолмен басқа құрылыс мердігерлеріне қымбатқа сатып жіберген. Кей мәліметтерге сәйкес, жеке ковид ауруханаларының құрылысында BI Group аймақтардағы бөлшектелген ғимараттардың құрылыс материалдарын пайдаланған. Атап айтқанда, Атырау қаласынан 300 шақырымдай жерде орналасқан Атырау облысының Опорный ауылында ТШО қызметкерлеріне арналған жатақхана бөлшектелген. Бұл пайдаланылған құрылыс материалдары мемлекеттік бюджет қаражатына 5,5 миллиард теңгені құрайтын модульдік ковид ауруханасының құрылысы үшін Алматыға жөнелтілген», - деген Ахметбеков бұл туралы Қаржы министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігін бірлесе жұмыс істеуге шақырған.
Бір емес екі министрлік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қимылдай бастағанын аңғарған Рахымбаев қоғамның назарын басқа жаққа аударуға ақшасын аяған жоқ. Әлеуметтік желіде түрлі жазбалар жариялап, тіпті, қазақша үйреніп жатқанын жазып, жар салды. Назарбаев пен оның айналасына қатысы жоқ екенін де дәлелдеуге тырысып бақты.
Жалпы, Қаңтар оқиғасынан кейін компаниясына қатысты әңгіменің көтерілетінін күні бұрын сезген Рахымбаев сол кездің өзінде-ақ белсене бастады. Ол Тоқаевтың сөзін алғашқылардың бірі болып іліп алып, салған жерден мақтап ала жөнелді. Тіпті, қызды-қыздымен LRT бағаналарын тегін сүріп берем деп мәлімдеме де жасады. Алғашқы қысымнан аман шығып алған соң, миллиардер құрылысшы Жаңа Қазақстанға тегін қызмет көрсету идеясынан айни салды. Астана әкімі Алтай Көлгіновтің сөзіне қарағанда уәде бергіш Рахымбаев бұл жұмысқа қанша ақша кететінін (20 млрд теңге) естіген соң, тұра қашыпты.
Бұл Рахымбаев орындамаған екінші уәде. Одан бұрын ол модульді ауруханаларға қатысты ашық есеп (оpen book) жариялаймын деп уәде берген. Қазақстан қоғамы бұл есепті күткелі екі жыл өтсе де жабулы қазан жабулы күйінде ұмыт болып кетті. Госпиталь құрылыстарынан ешқандай пайда таппадым деген Рахымбаевтың компаниясының жағдайы қиындап, өзінің де имиджі нашарлап тұрғанда вице-премьердің өзі:
«Биыл қаңтар айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан аумағында алдыңғы қатарлы шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды тапсырды.Бұл шара ағымдағы кадрларды күшейту және білікті қызметкерлердің тапшылығын жою, білім сапасын және адами капиталды арттыру үшін қажет. Осындай жаһандық міндетке қол жеткізудегі бастаманы білім беру саласындағы табысты жобалар портфолиосы бар BI Group холдингі көтеріп отыр», - деп мақтап сөйледі.
Демек, баяғы «Қуаттың» кебін құшып, компаниясы жабылады, өзі тергеуге алынады деп жүрген Рахымбаевтың мұртын балта шаппайтын сияқты. Назарбаевтар отбасынан толықтай бас тартқан олигарх енді Тоқаевтың Жаңа Қазақстанының құрылысын жүргізумен айналысады.