Белоруссия тағы бір жапон азаматын ұстады

Фото: РИА новости
Жапония Беларусьте өз азаматының ұсталғанын растады, деп хабарлайды Asahi Shimbun басылымы Минскідегі Жапония елшілігінің мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Елшіліктің мәліметінше, олар ұсталған адамның аты-жөнін немесе оған тағылған айыпты жариялай алмайды.
Жапония азаматы 1 желтоқсан күні Гомель облысында ұсталды. Беларусь теміржолшылар қауымдастығының мәліметі бойынша, ол теміржол инфрақұрылымының объектілерін суретке түсіріп жүрген.
«Ұсталған азамат Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлеріне тапсырылды, әрі қарай тергеу жүргізілетін болады, оның түсірілімдер жасаған себебі мен мақсаты анықталатын болар», – деп жазды қауымдастық.
Бұл Беларусьте соңғы бірнеше айда ұсталған екінші жапон азаматы. 4 қыркүйекте бұл елдің билігі Жапонияның тағы бір азаматы, Масатоси Наканиси, түсірілім жасау және тыңшылық әрекеттер үшін айыпталғанын мәлімдеді.
Масатоси Наканиси 2024 жылдың шілде айында ұсталып, сол уақыттан бері сот үкімін күтіп отыр. Оның жеті жылға дейін колонияға жіберілу қауіпі бар.