Дедовщина... Қазақ баласын армияға не үшін жібереді?
Жыл сайын елімізде әртүрлі себептермен қатардағы жас сарбаздардың қайтыс болу фактілері жиі қайталанып келеді. Бейбіт күнде жас әскерлердің қайтыс болып, қаншама отбасын қайғылы жағдайға қалдырып отырғаны кімді де болсын қынжылтпай қоймасы анық. Және мұндай жағдайлар әскерге барғысы келетін жастардың ынтасын жоғалтатын, сондай-ақ әскерлердің рухын түсіретін жайт екені баршаға белгілі. Бұған дейін тіркелген қайғылы фактілерге көз жүгіртіп көрсек, көп жағдайда сарбаздардың туған-туыстары құзырлы органдардың тергеп-тексеру жұмыстарына күмәнмен қарайтыны байқалады. Өкінішке қарай, әзірге қолмызда жылына мұндай жағдаймен қанша сарбаз қайтыс болатыны жайлы дерек болмай отыр. Алайда, соңғы үш-төрт жылдағы мұндай тосыннан орын алған қайғылы жағдайларды Malim.kz тілшісі шолып шыққан еді.
2018 жылы сәуірде Павлодар облысында 22 жастағы Абай Хамзин Үшарал әскери бөлімінде отан алдындағы борышын өтеп жүрген болатын. 12 сәуірде «Жоңғар» шекара бекетінде жеті ай қызметте болған сарбаздың асылып қалған денесі табылды. Бірақ марқұмның туыстары «Абай өзіне қол салды» дегенге сенбейтінін айтқан. Абай Хамзин әскерге барғанға дейін Екібастұз телеарнасында журналист болып жұмыс істеген. Марқұм әскерге баратыннан бұрын: «Мен Үшаралдағы шекара әскер қатарында қызмет етуге барамын. Ең бастысы, үйге аман-есен оралу», – деген екен. Өкінішке орай, жас сарбаз әскерден аман-есен орала алмады.
2019 жылы 26 шілде күні Маңғыстауда тағы бір сарбаз иығынан жараланып қайтыс болды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі «әскери қызметші Д. Агеев қаруды ұқыпсыз қолдану салдарынан жараланған» деген. Сөйтіп сарбаз ауруханаға барар жолда қайтыс болды.
2021 жылы 28 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласының Бас әскери-клиникалық госпиталінде ауруының асқынуынан 2003 жылы туған әскери қызметші Сариев Бобир Халматұлы қайтыс болды. 2021 жылы 25 қараша күні мерзімді қызметтегі сарбаз ауруханаға жағының астындағы тұста мойнының қабынуына шағымданып келген. Дене қызуы көтеріліп, инфекциялық-уытты шоктың даму белгілері болған. Өз кезегінде дәрігерлер тиісті емдік іс-шаралар жүргізгенімен, алайда сарбаздың өмірін сақтап қала алмады.
2022 жылдың 22 сәуір күні Гвардейск әскери қалашығындағы госпитальде қатардағы жауынгер Қалбай Әлібек Саламатұлы қайтыс болды. «Таңертең сапта тұрғанда кенеттен есінен танып қалған» делінгенімен ісі жұмбақ күйінде қалып отыр. Марқұм сарбаздың анасының айтуынша сарбазды мәжбүрлі түрде алып кеткен. Бұл қайғылы жағдай да қоғамда көп талқыланды.
Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған әскерилерді немесе қатардағы сарбаздарды айтпағанда, 2021 жылғы 26 тамыз күні Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, артынан жарылғаны хабарланған болатын. Оқиға салдарынан барлығы 17 адам қаза тапты. Олардың арасында ішкі істер органының қызметкерлерімен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, әскери прокурор және әскерилер де болды.
Жастар әскерге баруға неге құлықсыз?
Сенатор Бекболат Орынбеков Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында жастардың мерзімді әскери қызмет өткеруге деген ынтасы жоқ екенін айтты.
«Мәселен, 2021 жылы жергілікті әскери басқару органдарында 215105 адам мерзімді әскери қызметке шақырылуға тиіс болып, оның ішінен қарулы күштерге және басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға – 32064 адам шақырылды. Қалған 183041 адам немесе әскерге шақыруға жататын жастардың 85%-ы түрлі себептер бойынша әскерге шақырудан кейінге қалдырылды немесе толығымен босатылды», – деп түсіндірді депутат.
Осыған орай, сенатор Үкіметке әскерге шақыру-есепке алу жұмысының сапасын жақсарту және жастарды әскери борышын орындауға ынталандыру үшін бірқатар нақты ұсыныстар жіберді.
«Мерзімді әскери қызмет өткерген жастарға қабылдау емтихандарын тапсыру кезінде қосымша балдар беруге, мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде техникалық және инженерлік-құрылыс мамандықтары бойынша оқытуды одан әрі жұмысқа орналастыру үшін ұйымдастыруға болады», деп қосты депутат.
P.S. Қорғаныс министрлігінің дерегінше, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери бөлімдеріне жіберу үшін қалалар мен облыстардың қорғаныс істері жөніндегі департаменттері мен басқармалары әскерге шақырылушылар командаларын жасақтауға кіріскен. 2022 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанында Қазақстан әскеріне 6 мыңнан астам жасөспірімді шақыру жоспарланып отыр. Алайда, жоғарыда келтірген деректерге сай, жас сарбаздардың амандығы мен қауіпсіздігі мемлекет тарапынан жоғарғы деңгейде қамтылмаса, мұндай жоспарлар тек мәжбүрлі жағдайда ғана орындалуы мүмкін дейді мамандар.
Жастар әскерге баруға құлықсыз дедік. Оның себебі де жоқ емес.
Біз халықтар түрмесі болған, ақыры тозып, күйреп тынған Совет одағынан тозығы жеткен әскери техникалар мен реформа жүргізуді талап ететін технологияларды ғана емес, командирлерден басталатын, сарбаздар арасында кең етек алған "дедовщинаны" да мұраға алып қалдық. Осының салдарынан сарбаздарымыз әскери білім алып қайтудың орнына, соншама уақытын "көше түсінігіне" қор қылып қайтады. Ал, мұндай армияның ел басына күн туса оңдырып қарсылық көрсете қоюы екі талай...
Фото ашық дереккөзден алынды