Дос Көшім: Президент сайлауына түсуім мүмкін

Мен «Аманатты» саяси партия деп есептемеймін, ол билікті алған адамдардың тобын ұстап тұру үшін партияның атымен құрылған «комфортный» ұйым.

Бақыт БЕКОВ

  • 16.05.2022

2019 жылы Президент сайлауына «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан түскен Әміржан Қосанов алдағы сайлауда егер үміткер болмаса тағы да түсетінін айтты. Осыған орай «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, белгілі саясаттанушы Дос Көшімнің пікірін сұрап көрген едік.

– БАҚ беттерінде әріптесіңіз Әміржан Қосановтың алдағы президент сайлауына тағы да түсетіні жайлы ақпарат шықты. Бұл қозғалыстың шешімі ме?

– Мен бұл жайлы бірінші рет өзіңнен естіп тұрмын. «Ұлт тағдыры» қозғалысы президент сайлауына кім түседі, кім түспейді деген мәселе бойынша әлі жиын өткізген жоқ. Оны қайдан, қалай айтып жүргенін білмедім.

Біз демократиялық ұжымбыз. 2019 жылы жиналыста «Ұлт тағдыры» сайлауға қатыса ма?» деген сұрақ қойдым «бәрі осы сайлауға араласуымыз керек» деді.  Мен жалғыз өзім қалыс қалдым. Бірақ бізде төраға емес, көпшіліктің айтқаны болады, көпшілік Қосановты ұсынды. Ол жерде менің айтқаным ешқандай шешуші рөл атқармайды. Біздің жарғымызға сай, көпшіліктің дауысы шешті. Сөйтіп, ол сайлауға түсті.

– Ел сенімінен біршама айырылып қалған әріптесіңіз Қосанов алдағы сайлауда жеңіске жететініне сенесіз бе?

– 2019 жылы сайлауда Әміржан Қосанов 16% дауыс жинады. Бірақ кейбір бейресми деректерде 40% жинады десе, сайлауға бақылаушы болғандар 70% дауыс жинады дейді. Қалай болғанда екінші орынға шықты. Ал алдағы сайлауда қалай болатынын айту қиын.

–  Сайлау туралы заңның 54-бабында президент сайлауына қатысатын адам 5 жыл мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымды қызметте жұмыс істеуі керек.  Бұл бап демократия талаптарына томпақ емес пе?

–  Әрине, дұрыс емес. Бұл биліктің қитұрқы әрекеті. Осы талапты алып тастамай демократия туралы сөз де өтірік. Сайлау да әділ болмайды. Менің ойымша бұл талап алынып тасталады.

Мен білетін әлемнің біраз елінде мұндай заң жоқ. Мен бәрін білем деп айта алмаймын. Бірақ ең кем дегенде 20-30 елдің сайлау туралы заңынан хабарым бар. Сол елдерде бақылаушы болған азамат ретінде бұл заңның тек бізде ғана бар екенін және дұрыс емес екенін айта аламын.

–  Өзіңіз президент сайлауына түсуіңіз мүмкін бе?

–  Егер сайлау туралы заңдағы жоғарыда айтып өткен талап алып тасталынбайтын болмаса, мен президент сайлауына қатыса алмайтыным айдан анық. Өйткені мен бір күнде билікте жұмыс істеген адам емеспін. Ал егер ол талап алынып тастайтын болса, алдағы приезидент сайлауына түсуім әбден мүмкін.  Және біздің қозғалыс қолдаса, мен дайынмын. Жо Байден  76 жасында президент болды. 70-ке толмаған біз неге түспеске?

– Сіздің де біршама саяси беделіңіз бар. Мүмкін сізді іште немесе сыртта қолдайтын қомақты қаржысы бар топтар тұрған шығар?

– Ондай нәрсе болған емес. Мен 33 жыл саясатта жүрмін. Менде бұған дейін ешқандай іштен не сырттан ақша алу болған жоқ. Ондай қолдау көрмедім. Жақсы пікірін айтып жатады. Саясаткер өзіне сенімді болса, қашан да халыққа сенім артады. Менің бағытымдағы және мен қатарлы адамдар көбінде қазақ ұлтына сенеді.

– Өзіңізден басқа қандай кандидаттарды көргіңіз келеді?

– Менің ойымша, кандидаттар өте көп. Өзімізше білмейтін адам сияқты боламыз. Бірақ бізде кандидат болуға лайықты азаматтар жеткілікті. Қоғамдық және саяси бағыттағы азаматтардың бар екенін билік көрсетпей отыр. Тек қана Тоқаев бар деген сияқты түсінік қалыптастырып қойған. Бізден де мықты талай азаматтар жүр. Бірақ олар туралы «Егемен Қазақстан» газеті жазбайды, «Қазақстан» мен «Хабар» көрсетпейді. Меніңше, сайлауға кемінде оншақты адам түсуге болады. Егер ашық қоғам болса, олардың бәрі көрінер еді. Қазіргі биліктегілер өздерінен артық азаматтарды көрсетпеуге тырысады. Бұл да авторитарлық жүйенің бір көрінісі.

– Қазір қарап отырсақ, алдағы президент сайлауына деген дайындық немесе соған қатысты кейбір тенденциялар басталып та кеткен сияқты. Алдағы президент сайлауының бұрынғы сайлаулардан өзгешелігі бола ма? Әділетті өтуге, демократияға бір жақындық байқала ма?

– Жоқ. Себебі осы уақытқа дейін сайлау заңы өзгерген жоқ. Сайлау жүйесін өзгертеміз деген тек сөз ғана болды, бірақ бірде бір әркет байқалмады. Бәрі сол күйінде қалды. Кеше маған өңірлерден «Ұлт тағыдырының» өкілдері хабарласты «мынау референдумды бақылайтын сол бұрынғы 19-20-жылғы сайлауда комиссия болған сол азаматтар қарайды» екен. Міне, референдум де, сайлау да сол. Сол заң, сол адамдар. Сондықтан әзірше еш нәрсе өзгерген жоқ. Ол өзгермей, әділетті сайлау да болмайды. Әділетті сайлау болмаса, әділетті таңдау да жоқ.

– Егер тағы да әлідетсіз сайлау болса, оның арты қалай болуы мүмкін?

– Өте жақсы сұрақ. Бұл жерде екі түрлі жағдай болады. Бірінші халық қолын бір сілтеуі мүмкін. Немесе сайлауға саналы түрде қатыспай байкот жариялап, көңіл бөлмей қояды. Не болмаса Беларусиядағыдай толқу болады, наразы жұрт алаңға шығып қатты қарсылығын білдіреді. Екінің бірі болады. Бірақ бізде ондай ауқымды толқуды ұйымдастыратын ірі қоғамдық ұйымдар жоқ. Тіпті жай ғана ішкі қарсылық, ұсақ-түйек күңкілдеп қояудан аса алмайтын шығармыз.

– Мысалы, кеше Тәжікстанда мынандай ақпарат шықты. Оппозиция "билік транзиті әділетті сайлау жолымен жүзеге аспайтын болса, күш қолданамыз" деп әскер жинап жатқан көрінеді. Бізде сайлаудан кейін ондай радикалды әрекеттер болады деп ойламайсыз ба?

– Мен өз басым Қазақстанды Тәжікстанмен салыстыра алмаймын. Тәжікстанда 1992 жылы азаматтық соғыс болды. Сөйтіп олар екіге бөлінді. Бір жағында Ислам бағытындағы партия Мұхамедшәріп Химматзода бастаған, екінші жақта демократиялық партия тобы Саиджапар Исмонов (менің жолдасым) екеуі коммунистік партияға қарсы шықты. Коммунистік партия «Народный фонд» құрды  деген.  Сол себепті бұлардың арасында нақты азаматтық соғыс болды. Қаншама адам қаза тапты. Керек десеңіз оппозиция саналатын исламистер мен демократтар Ауғаныстанға шегініп, сол жақта жатып  та соғысты. Ол 93-94-ке дейін жалғасты. Кейін биліктің үштен бірін оппозицияға береміз деген келісіммен ғана соғысты тоқтатты. Демек, оларда мұндай тәжірибе тарихында бар. Сондықтан олар қазірде азаматтық соғысқа дайын. Қазақстан ондай деңгейде емес. Бізде ондай тарихи жағдай болған жоқ. Біз саяси мәселеде еш уақытта қолына қару ұстамаған елміз, әзірге дейін. Мүмкін қаңтардағыдай жаппай көшеге шығу болатын шығар. Бізде ондай азаматтық соғыс болатындай саяси жағдай да, белгілі күш те жоқ.

– Тоқаев партиялар туралы саясатқа «өзгеріс» еңгізді. Ребрендинг жасады, қосты дегендей... «Аманат» партиясы әлсіреді деген де әңгіме айтылып жүр. Бұған не дейсіз?

– «Аманат» әлсіреген жоқ, ол керісінше күшейді. «Аманатқа» көптеген елге беделді адамдар кіріп кетті. Олардың да әртүрлі көздеген мақсаты бар шығар, мүмкін билікке барғысы келетіндер шығар. Тіпті осы жүйені сынап жүрген оппозициялық бағыттағы азаматтар да кірді. Мен «Аманатты» саяси партия деп есептемеймін, ол билікті алған адамдардың тобын ұстап тұру үшін құрылған «комфортный» ұйым. Бірақ партияның атымен құрылған ұйым. Оны әлсіреді деп айта алмас едім. Өйткені, бұл – әділетсіз қоғамда жетекші рөл атқаратын саяси күш. 

Сұхбаттасқан – Бақыт БЕКОВ

Байланысты жаналықтар

Депутаттар орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы заң жобасын талқылап жатыр

20.11.2024

Қазақстанда жылқы шаруашылығы институты құрылады

15.11.2024

Қазақстанның бірнеше мемлекеттегі елшілері ауысты

15.11.2024

Мемлекет басшысы Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакаваны қабылдады

08.11.2024

Қазақстанға Ресей Президенті Путин келеді

07.11.2024

Орталық сайлау комиссиясында ауыс-түйіс

07.11.2024
MalimBlocks
Депутаттар орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы заң жобасын талқылап жатыр

2022 жылдың қазан айында Тоқаев ТМД қамқорлығымен орыс тілін қолдау және ілгерілету ұйымын құруды ұсынған

Қазақстанда жылқы шаруашылығы институты құрылады

Тоқаев Қостанай жылқысы жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұрғанын айтты

Қазақстанның бірнеше мемлекеттегі елшілері ауысты

Словакия, Мексика, Родос және Мальта елдеріндегі жауапты тұлғалар арасында ауыс-түйіс болды

Мемлекет басшысы Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакаваны қабылдады

Банк 1994-2024 жылдар аралығында Қазақстанда жалпы сомасы 7 млрд долларға жуық жобаларды қаржыландырды

Қазақстанға Ресей Президенті Путин келеді

Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары 27 қарашаға жоспарланған

Орталық сайлау комиссиясында ауыс-түйіс

Сәбила Мұстафина мен Константин Петров қызметінен босатылды